Диета мен стресс арасында байланыс бар. Не себепті диета ұстағанда адам стресске жиі ұшырайды? Диета ағзаға қалай әсер етеді?
Диета және оның түрлері
Тәбетті, дене бітімін, салмақты, зат алмасуы процесін, тамақтану рационын қалыпта ұстайтын ашықтыру курсы — диета. Оны ұстаған адамның мақсатына байланысты оның түрі де көп болады. Осы ашықтыру курсының кең таралған түрлері: аткинс, вегетариан, зона немесе аймақ, қырыққабат сорпасы, микробиотикалық, нөлдік, Орниш диетасы. Әрқайсысының адам ағзасы үшін медициналық\қоректік пайдасы, маңызы бар.
Адам не үшін диета ұстайды?
Күнделікті тұтынатын азық – күні бойы жүріп-тұруға қуат беретін энергия көзі. Алайда азық-түліктің кей түрі: фаст-фуд өнімдері, майлы, тәтті, жоғары калориялы тағамдар артық салмаққа алып келеді. Өз денесін алып жүру ауырлағанын түсінген адам дене бітіміне ерекше назар аудара бастайды. Осыған мәселе ретінде қарайды. Проблеманың шешімін іздейді. Осы орайда 10 адамның 7-еуі дерлік диетаны таңдайды. Диетаға отырғандардың басым бөлігі артық салмақтан арылу мақсатында осы қадамға барады. Қалған бөлігі артық салмақсыз-ақ дұрыс тамақтану рационын қалыпта ұстағысы келетін жандар.
Экпресс диеталардың зияны
Әр адам тәтті тағамнан дәм татқанды жақсы көреді. Бірақ көп бөлігі оның салдарын ойламайды. Дер кезінде тыйылмаған ауыздың кесірінен дене мен организм зардап шегеді. Егер сіз тәтті жеп үйреніп қалсаңыз, диета ұстағанда ағзаға жаңа тамақтану тәртібіне көшу қиындай түседі. Жоғары калориялы тағамға үйренген ағза диета кезінде бірден төменгі калориялы тағам тұтына бастаса, бауыр май жетіспеушілігінен денені іштей жей бастайды. Мұндай өзгеріс әсерінен иммунитет төмендеп, ұйқы бұзылады. Адам қорқынышты түстер көре бастайды. 5-7 күн арасында ұсталатын экспресс диета буындардың әлсіреуіне, асқорытудың бұзылуына сеп болуы мүмкін.
Адам ағзасын дайындамай диетаға отырса, организм диетаны стресс ретінде қабылдайды.
Диетаны бастаған соң оны бірден тастап кету де ағзаға ауыр болады. Мұндай жағдайда диета кезінде арылған салмақ одан көп мөлшерде қайта қосылады. Болмаса тері астына емес, ішкі ағзалар айналасына жиналады.
Дәмді тағамнан бас тарту неге қиын?
Адам сүйікті ісімен айналысып, ұнайтын тағамды тұтынған кезде, өзін бақытты сезінеді. Осы кезде ми дофамин гормонын бөледі. Дофамин – екі нейрон арасында ақпарат тасушы химиялық сигнал. Осы жолда дофамин әртүрлі рецепторлармен “қақтығысады”. Адам дәмді тағам көргенде оның дәмін сезіп тұрғандай болады. Сәйкесінше ашығып жүрген ағзаның дәм рецепторлары дәмді тағамға әсер етеді. Адам оны жегісі келеді.
Диета кезінде дәмді тағамдардан бас тарта алмауымыздың басты себебі – организм қалауы, дәм рецепторының реакциясы.
Стресстен арылу жолы
Тәбетті шектегенде көңіл-күй түседі. Ми үйреншікті мөлшердегі тағамнан айрылады. Америкалық диетологтар диета кезіндегі стрессті «аш ыза» (hangry –hungry + angry) деп атайды. Бұл күйден арылу үшін мына әрекеттерді жасап көруге болады:
Оң эмоциялар сыйлайтын іспен шұғылдану;
Диетада болса да кешкі отбасылық басқосулардан жалтармау;
Спортпен айналысу;
Басқа да диетада отырған адамдармен араласу;
Ұзақ қорытылатын көмірсуларды тұтыну.
Диета әр ағзаға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Сондықтан белгілі бір диетаға отырмас бұрын диетологтармен кеңесіп, ағзаңызды дайындап алғаныңыз абзал.