- Негізгі бет
- Денсаулық
- Диабетті қоздыратын үйдегі...
Диабетті қоздыратын үйдегі заттар
Жиһаз, электроника мен қаптама заттарды жасауға пайдаланылатын полибромирлі эфир қоспалары диабеттің асқынуына себеп болуы мүмкін. Калифорния университетінің ғалымдары осындай тұжырым жасады. Зерттеу материалын жариялаған – Medical Xpress басылымы.
Мамандар полибромирлі эфирдің аздаған дозасы буыз тышқандарға қалай әсер ететінін білу мақсатында зерттеу жасаған. Әдетте, полибромирлі эфирдің бұл дозасы аяғы ауыр және баланы емізетін әйелдердің ағзасына зиян тигізетін мөлшерде алынған.
Зерттеу нәтижесінде полибромирлі эфирдің маңында тіршілік еткен буыз тышқандардың дүниеге келген ұрпақтары әлсіз, ағзасында глюкозасы аз, инсулинге деген сезімталдығы төмен болып туылған.
"Біздің зерттеуіміз полибромирлі эфир сынды айналамыздағы химиялық қоспа қосылған заттардың ұрпақ денсаулығы мен баланың кейінгі даму кезеңіне тікелей зиянын тигізетінін анықтадық", - дейді зерттеу тобының мүшесі Маргарита Кюррас-Коллазо.
Ғалымдар бұл ғылыми зерттеу нәтижесін адамдарға сынап көруді ойлаған, алайда айтуларынша, химиялық заттар адам денсаулығына зиян. Ал бұл заттардың зиянын азайту үшін үнемі қолды сабындап жуып, жиһаз, кілем сынды үйдегі заттарды жиі тазалап тұрған жөн.
Қ. Слямбек