Денсаулыққа пайдалы 5 эфир майы

Денсаулыққа пайдалы 5 эфир майы
Фото: pixabay.com, unsplash.com

Көптеген өсімдіктер пайдалы қасиеттерге ие екендігі ешкімге құпия емес. Бірі иммунитетті бекітіп, био ырғақты қалыпқа келтіруге көмектессе, басқалары хал-жайды жақсартып, ұйқысыздықтан арылтады. Сонымен қатар, түрлі ауруларды емдеуге және алдын-алуға көмектесетін де өсімдіктер бар. Өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан және жемісінен алынатын эфир майларының да көптеген пайдалы тұстары бар.

Эфир майларын қолдану – қарапайым, қолжетімді және қауіпсіз сауығу әдістерінің бірі. Дистилляция процесінің арқасында эфир майының концентрациясы жоғары болып келеді, сондықтан оның 1-2 тамшысының өзі оның нәтижесін сезінуге жеткілікті. Ендеше, денсаулыққа ең пайдалы 5 эфир майын ұсынамыз.

Шай ағашы

Көктем – адамдар жиі ауыратын мерзім, жылдың осы мезгілінде шай ағашы майы көмекшіңізге айнала алады. Себебі ол ағзаны вирустық және бактериялық жұқпалардан қорғауға көмектеседі. Ол үшін шай ағашы эфир майының 1-2 тамшысын арнайы мойынтұмарға (аромамедальон) тамызу жеткілікті. Егер үйде отбасы мүшесінің бірі ауырып жүрсе, шамға (арома лампа) 5 тамшы шай ағашы майын тамызыңыз. Ол үйдегі ауаны залалсыздандырады және жұқпа тарау қаупін төмендетеді. Тұмауды, жөтелді және бронх қабынуын емдеуде онымен ыстық ингаляция (бумен емдеу) жасауға болады. Ол үшін жылы суы бар ыдысқа 4-5 тамшы шай ағашы эфир майын тамызып, одан шыққан бумен 10-15 минут шамасында тыныс алу керек. Бұл процедура жөтелді жеңілдетіп, қақырық шығаруға көмектеседі.

Бергамот

Бұл эфир майы жүйке жүйесі жұмысын жақсартуға, ұйқысыздықпен күресуге және қысымды реттеуге көмектеседі. Ол қан тамырларға жақсы әсер береді, қанды сұйылтады және қандағы холестерин мөлшерін азайтуға ықпал етеді. Бергамот майымен дем алу көңіл күйді жақсартады және мазасыздық сезімін кетіреді. Тұмау аурулары кезінде бергамот майымен де ингаляция жасауға болады. Суық тигенде 1 ас қасық зәйтүн майына бірнеше тамшы бергамот майын тамызып, сол қоспамен арқаны, мойын мен кеуде тұсын уқалауға болады. Сонымен қатар, бергамот эфир майын түрлі тері жұқпаларын (экзема, қышыма, герпес) емдеуге қолданады. Майды күйікке немесе жәндік шаққан жерге жағуға болады.

Маралтамыр (Левзея)

Маралтамыр эфир майы астениктік және күйзелістік жағдайды жоюға көмектеседі және әлсіздікке қарса қолданылады. Маралтамыр эфир майының 1-2 тамшысын жастыққа тамызып ұйықтасаңыз, таңертең ұйқыңыз қанып тұрады. Маралтамыр эфир майының терапиялық әсері бар. Ол бұлшықеттер түйілуін кетіруге көмектеседі және бұлшықеттерді босаңсытады. Тері аурулары кезінде зақымдалған жерге маралтамыр майымен компресс жасауға болады. Ол үшін 10 мл негізге 6-7 тамшы май тамызасыз.

Эвкалипт

Эвкалипт эфир майын инфекциялық ауруларға қолданады. Ол тыныс алу және аңқа ағзаларындағы қабыну процестерін түсіруге көмектеседі. Бұл майды бронхит пен тұмауды емдеуге кеңінен пайдаланады. Оны ингаляция жасауға және ауыз шаюға қолданады. Май жақсы араласу үшін оны алдымен 1 ас қасық сутке немесе балға араластырып алып, содан соң суға қосу керек. Бір рет ауыз шаюға 3 тамшы эвкалипт эфир майы жетеді және онымен ауызды 3-4 сағат сайын шаю керек. Сонымен қатар, эвкалипт эфир майы температура түсіруге көмектеседі. Ол үшін 8-10 тамшы эвкалипт эфир майын 1 ас қасық зәйтүн майына немесе балалар креміне тамызып, онымен арқаны, әсіресе, артқы кеуде жақты уқалау керек.

Қарағай

Қарағай эфир майы қабынуға қарсы қасиетке ие: ол тыныс алуды жеңілдетеді, жөтелді кетіреді, қақырық шығаруға көмектеседі және тыныс алу органдарындағы қабынуды түсіреді. 20 тамшы қарағай эфир майы мен 30 мл зәйтүн майын араластырып, кеудені уқаласа, тұншықтырғыш жөтелді жеңілдетуге болады. Сонымен қатар, жөтел кезінде ингаляция жасауға болады. Ол үшін ыстық суға 2-3 тамшы эфир майын тамызып, 5 минут соның буымен тыныс алыңыз. Ағзаның ішкі және қорғаныш күштерін қалпына келтіру үшін және бас айналуды кетіру үшін арнайы мойынтұмарға 2-3 тамшы қарағай эфир майын тамызып, мойныңызға тағып жүріңіз.

А. Жапатова