- Негізгі бет
- Денсаулық
- Дені сау адамның...
Дені сау адамның белгілері
Адамның денсаулығында ақау болса, сырт келбетінің бір жерінде белгі беріп, көрініп тұрады. Сондай-ақ адамның дені сау екенін де мынадай белгілерге қарап білуге болады екен.
Жылтыр, қалың шаш
Шаш сынғыш, құрғақ болса, ағза жұмысы дұрыс емес. Бұл гипотиреоз (гормон жетіспеушілігі), авитаминоз немесе асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылғанын білдіреді. Ерте жастан шаш түсіп, бас таз бола бастауы стресс деңгейі күшеюінен, қант диабеті әсерінен болады. Дәрігерлер шаш денсаулық ахуалының индикаторы екенін айтады. Егер ол жылтырап тұрса, жиі түспейтін, тез өсетін болса, демек ағза құнды заттарды жеткілікті деңгейде сіңіріп жатыр және зат алмасу бұзылмаған.
Қатты тырнақ
Деніңіз сау екенін тырнақтың күйіне қарап та анықтауға болады. Тырнақта көлденең сызықтар бар әрі кебір болса, D дәрумені не темір жетіспеушілігі болуы мүмкін. Қоңырқай-қызыл түске енуі – бүйректегі проблемадан, ақшыл нүктелер кальций жетіспеуінен хабар береді. Тырнақ сау болса, жақсы өседі, түсі ашық алқызыл реңде, сірқабығы бүтін болады. Жуандығы жас ұлғаюына байланысты, ал тырнақ тілімі тегіс, түзу болады.
Тіл, тіс, қызыл иек саулығы
Ағзадағы 99% кальций тісте болады екен. Ауыз қуысының тазалығына мән беріп, күн сайын тісіңізді тазалап жүрсеңіз де, тісіңіз сарғайып тұрса, тіс ауруының белгісі. Егер қызыл иегіңіз қабынып, тіс қанайтын болса, дәрумен жетіспеушілігі, бактериялық ауру, иммунитет төмендеуі. Тілдің сыртқы келбеті де денсаулыққа әсер етеді. Тілден сұр не жасыл қалдық шықса, ас қорыту мәселесі туындағаны. Тіл ұшы қызыл болса, жүрек соғысы бұзылғаны. Қалыпты жағдайда тіл ашық алқызыл түсте, шырышты қабаты түзу болуы керек.
Тері жағдайы
Адамның денсаулығы қалыпты болса, терісінен-ақ бірден көрініп тұрады. Түсі күңгірттену, қабыршақтану, шектен тыс құрғау не майлану, бөрту – ағза жұмысы бұзылғанының белгісі. Жасөспірім шақта бетке безеу шығуы – физиологиялық қалыпты жағдай. Ал ересек адамның бетінде безеу болса, гормондар бұзылуының көрсеткіші немесе жүйке жүйесі, ас қорыту жүйесінің жұмысы бұзылған. Терінің жағдайы қоршаған ортаның күйіне, ағзаның ерекшелігіне, генге де байланысты болуы мүмкін. Дегенмен түсі қалыпты, тегіс, бөртпе болмауы тиіс.
Бел орамы мен дене салмағының индексі
Адамның дене салмағы мен бойы бір-біріне сәйкес келуі керек екені белгілі. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша, адамдардың 50% артық салмағы бар, 29% май басу дерті, 16% зат алмасуы жақсы, майланудың 3\2 типіне жатады екен. Ал салмағы қалыпты адамдардың 30%-інде жүрек талмасы патологиясы бар. Бел орамы қалыпты болуы да деннің саулығын көрсетеді, ал бел аймағына май жиналса, биохимиялық процесті өзгертіп, артық гормондар бөліп шығуына сеп болады.
Тыныш ұйқы
Адам ұйқысы тыныш болмаса, миы тынықпайды, ал ағза қалпына келе алмайды. Ұйқысыздық, өте сергек ұйқы, ұйықтау және ояну мәселе туғызса, үнемі шаршап жүру байқалса, ұйқы қанбаса, жүйке жүйесі бұзылып, зат алмасу өзгергенін көрсетеді. Жүрек ауруы, қант диабеті болуы да ықтимал. Тыныш ұйқы, өзін жақсы сезіну, таңда тың боп тұру деннің саулығын білдіреді.