- Негізгі бет
- Денсаулық
- ДДҰ басшысы омикроннан...
ДДҰ басшысы омикроннан кейінгі жаңа штаммдар туралы ескертті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус коронавирустың омикрон штаммы тарағаннан кейін COVID-19 жаңа вариациялары пайда болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы РИА Новости жазды.
"Бұл пандемия әлі аяқталған жоқ және омикронның бүкіл әлем бойынша таралуы жаңа штаммдардың пайда болуына әкелуі мүмкін", - деді Гебреисус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы коронавирустың жаңа штаммдары бойынша жағдайды бақылау мен бағалаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Ол сонымен қатар "омикрон" орта есеппен оның алдындағы штамдар сияқты ауыр болмаса да, бұл жеңіл ауру деген түсінік қате екенін, "омикрон" да адамды ауруханаға жатқызып, өлімге әкелетінін айтты.
Айта кетейік, коронавирустың омикрон штаммы немесе B.1.1.529 қараша айында Ботсвана мен Оңтүстік Африкада табылды. Мамандардың айтуынша, оны бұрын ауырған және екпе алған адамдар да жұқтыруы мүмкін. Кейінгі мәліметтер бойынша, жаңа штамм қазірдің өзінде 110 елде анықталған. Ол алдыңғы "дельта" нұсқасына қарағанда тез таралады.
Т. Раушанұлы