- Негізгі бет
- Денсаулық
- Би арқылы емделу...
Би арқылы емделу
Бір адам ақылгөйге келіп: «Ей, данышпан, маған шындықты өтіріктен, әдемілікті сүйкімсіздіктен ажыратуды үйретші. Мені өмірдің қуанышына үйретші», - депті. Ойланып отырып ақылгөй оған билеуді үйреткен екен...
Шығыс әфсанасы
Сіздің есіңізге соңғы рет отырыста достарыңызбен билегеніңіз түсіп отыр ма? Менің бұл сұрағым би кештерінде дамыл таппай билейтін тек жастарға ғана қойылған жоқ. Сіз 20-25 жастан асқаннан соң-ақ отбасы құрып, бала-шаға қамымен жұмысбастылыққа үйреніп аласыз да, денсаулыққа мән беруден қаласыз. Ондай кезде әрине билеу түгілі көңіл көтеру үшін сергуді де ойламайсыз. Себебі сізде оған уақыт тапшы.
Ал сіз жалғыз басты жан болсаңыз ше? Онда сіз мына шындыққа көз жеткізіңіз: би – ауруды ұмытудың және өзіңді-өзің қалыпты сезінудің бірден-бір жолы.
Бимен емдеу – қазіргі уақытқа сай медицинаның ең жас салаларының бірі. Психоаналитик Вильгельм Райх билеп емделу туралы былай түсіндіреді: «Әр адамның бұлшық етінде маталған «қорғау сауыты» болады. Билеу арқылы ол содан айығады да, гармониясы да жоғарылайды».
19 ғасырдың 40 жылдары Вашингтонға әлдебір Марианн Чейс есімді адам қасиетті Елизавета жатқан аурухана бөлмесіне келіп, осы билеу әдісімен оны емдейді. Осыған куә болғандардың айтуынша, ол өзін осы әдістен соң жақсы сезінгенін айтып, таңданысын жасырмаған екен.
Сондықтан да билеудің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Керсінше, осы билеу арқылы күйзелістен де арылуға болады. Бұл үшін өз үйіңізге достарыңызды шақырып алып, тойлаудың яки би кештеріне барудың мүлде қажеті жоқ. Жай ғана жұмыстан шаршап, жүйкеңіз құрып келген сәтіңізде өзіңіздің сүйікті музыкаңызды қойыңыз да, айна алдына тұрып билеуге кірісіңіз.
Тек езу жымитып күлуді ұмытпаңыз! Өйткені сіз күні бойы қабақ шытып жүйкеңізге көп мөлшерде салмақ салып алғансыз. Билеп жатып сіз өзіңіздің бүгінгі өткен ауыр күніңізді ұмытып, жеңілдеп қаларыңызға шүбәміз жоқ. Неге бұлай тез арада тынышталып қаларыңыз сізге қызық па? Билеп жатқан адамда зат алмасу процесі жақсы жүреді. Жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелері қалпына келіп, иммунитет күшейеді. Әр түрлі би қимылдарына салып билеуіңіз арқылы сіздің миыңыз да қалыпты жұмысына көшеді.
Билеу, әсіресе, күні бойы телефонға жауап беріп, жұмыс үстелінен тұруға мұршасы болмайтын жұмыскерлердің жүйке жүйесінің қалпымен жұмыс істеуіне және белінің ауруын басуына көмектеседі.
Шығыс биін билеу арқылы сіз тәніңізді ғана емес, жаныңызды да шынықтырасыз.
"Қаражорға" аталатын қазақтың буын биінің де адам денсаулығына пайдасы мол.
Психотерапеяның көзқарасына сүйенетін болсақ, қорқыныш мен күйзеліске бір табан жақын адамдар мен өзіне сенбейтін жандарға көп билеу қажет екен. Кейбір арт-терапевттердің айтуынша,адамның рухани жанын емдеуге би сөзден де жақсы көмек береді екен.
Егер сіз физикалық жаттығуларды жасауға құмартпасаңыз, онда сіз үшін билеу де – дене шынықтыру үшін таптырмас нұсқа. Қазіргі таңда билеп үйрену үшін көптеген үйірмелер мен мектептер жеткілікті. Тек сіздің оған деген ынтаңыз болса жетіп жатыр. Ондағылар сізді бидің түр-түріне үйретіп, қалай билеу керек екендігіне бағыт береді. Күйзеліс бәрінің басына түседі. Тек оны жеңіп шығар адамдар аз. Сіз сол адамдардың қатарынан көрінгіңіз келсе, кеш батқанда терезе алдында уайымға салынып, сарылып отырғанша, айна алдына тұрып алып билеңіз!
Таңғы асқа – би, түскі асқа – би, кешкі асқа да – би... Міне, бар құпиямыз осы!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: np.kz, rwalk.narod.ru, stihi.ru, xdance-studio.ru, prikol.i.ua, corey-enema.mmm-tasty.ru, dancevilleclub.ru, namys.kz
А. Әбілхан