- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бауыр ауруы байқатпайды....
Бауыр ауруы байқатпайды. Қалай алдын алуға болады? - маман кеңесі
Бауыр аурулары әлемдегі өлім-жітім себептері бойынша Еуропада 7-ші, Ұлыбританияда 5-ші (65 жастан кіші тұрғындар арасында) және АҚШ-та (45-54 жас аралығында) 4-орынды алып, қоғамдық денсаулық сақтаудың жаһандық мәселелерінің біріне айналды.
"Бауыр ауруларының қалай алдын алуға болады? Бауыр ауруларын анықтау үшін қандай зерттеулер жүргізіледі?" деген сауалдарға А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының гепатолог-гастроэнтеролог дәрігері Ильясова Бибігүл Сапарбекқызы жауап берді.
Гепатолог дәрігер ретінде айтарым, бауырдың барлық аурулары дәрігерлер көмек көрсете алатын кезеңде симптомсыз түрде дамиды.
Этиологиясы вирустық немесе вирустық емес бауыр аурулары анықталған науқастардың 70-80 пайызында бауыр ауруларына қатысты ешқандай шағым болмаған. Созылмалы гепатиттің, вирустық бауыр ауруларының анықталуы олар үшін күтпеген "тосынсый" болған. Сондықтан бауыр ауруларының дер кезінде анықталуы көп жағдайда адамның өз денсаулығына деген қарым-қатынасына байланысты.
Егер уақытында сырқатты анықтап, диагнозды дұрыс қойып, қажетті тағайындауларды алып, диагнозға сәйкес терапияны қабылдаса, бауыр циррозы және гепатоцеллюлярлық карцинома, яғни бауырдың бастапқы қатерлі ісігі секілді күрделі асқынулардың алдын алуға болады. Осы себептен жүйелі түрде бауыр ауруларының бар-жоғын айқындау мақсатында тексерулерден өтіп тұруға кеңес беремін.
Қазіргі таңда бауыр ауруларының кең тараған түрлері – бауырдың алкогольді емес майлы ауруы немесе стеогепатит. Яғни май мен көмірсудың алмасуындағы өзгерістерге қатысты сырқат. Өкінішке қарай, диабетке, артериялық гипертонияға байланысты дамитын аурулар. Екінші орында – вирустық бауыр аурулары, одан кейін аутоиммундық бауыр аурулары және т.б. Олардың саны өте көп, 350-ден астам.
Диагнозды дұрыс және дер кезінде қою өте маңызды. Бауыр ауруларын айқындау үшін ультрадыбыстық зерттеулер, биохимиялық қан талдауы, компьютерлік томография жүргізіледі, кейбір жағдайларда бауыр биопсиясын жасау керек. Әсіресе, этиологиясы вирустық емес бауыр ауруларын анықтау кезінде бауыр биопсиясын жасау – "алтын стандарт". Сондай-ақ бауыр ауруының қаншалықты асқынғанын білу үшін эластометрия жасау қажет. Бұл бауыр биопсиясы процесін жүзеге асырмай-ақ, фиброздың сатысын анықтауға анықтауға мүмкіндік беретін зерттеу, - дейді маман.
Эластометрия бауыр эластографиясы деп те аталады. Бұл жаңа әдістеме күрделі фиброскопия емшарасын алмастырды. Зерттеу ультрадыбыстық диагностикаға ұқсайды және 15-20 минутқа созылады. Бұл уақыт қауіпті патологиялық жай-күйлері, атап айтқанда түрлі типті гепатиттің созылмалы ағымы бар науқастардағы фиброздың деңгейін бағалауға жеткілікті.
Эластометрия созылмалы вирусты гепатиттерден зардап шегетін, артық салмағы бар, спирттік сусындарды жиі тұтынатын, вирустық емес созылмалы бауыр аурулары бар адамдарға қажетті ем-шара.
Гепатологиялық кабинетке және гепатолог дәрігерге жүйелі түрде жүгіну – өз денсаулығына мұқият қарайтын әрбір адамның дағдылы іс-әрекетіне айналуы тиіс.
Н. Үсенова