- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бас ауруының біз...
Бас ауруының біз білмейтін себептері
Аяқ астынан бастың айналып, ауыруының себебі неде? Түрлі ауруларды есепке алмағанда, бас ауруы күтпеген себептерден болуы ықтимал екен.
Темекі шегу
Темекі шегу бастың айналып, ауырыуының бірден-бір себебі. Темекі шегіп тұрған кісі өзінің де, қасындағылардың да денсаулығына үлкен зардап тигізетіні белгілі. Никотинмен дем алу мидағы қан тамырларының тарылуына әкеледі, нәтижесінде басыңыз қатты ауырады. Темекі шегуді қойып, шылым шеккен адамдардың қасында тұрудан бас тартсаңыз түсініксіз бас ауруларынан сауыға аласыз.
Кофеин
Кофеин шектелген шамада адам ағзасы үшін зиян емес, тіпті пайдалы. Айта кетсек ол бірнеше дәрілердің құрамына кіреді. Алайда кофені жиі, тұрақты түрде көп ішу тұрақты бас ауруының пайда болуының себебі бола алады. Күнделікті ішетін кофенің шамасын қысқартыңыз, алайда бірден кофеден мүлдем бас тартқан да дұрыс емес.
Сыр
Бастың ауруы қарапайым күнделікті жейтін сырға байланысты болуы мүмкін. Әсіресе көгілдір сыр, чеддер, пармезан мен швейцариялық сырлар бас ауруын туғызады. Басқа осы сырлардың құрамындағы тирамин атты зат әсер етеді. Сыр ұзағырақ тұрған сайын ішіндегі тирамин көрсеткіші өседі.
Қызыл шарап
Жоғарыда танысып өткен тирамин заты қызыл шарапта және басқа алкогольдық сусындарда да болады. Сондай-ақ, ішімдік ағзадан суды шығарып та бас ауруын тудыруы мүмкін.
Шұжық
Шұжықтардың құрамында бас ауруын туғызатын тирамин мен нитриттар атты химиялық қосылғыштар бар. Тағамға қосылатын химиялық түземдер кейбір адамдарда бас ауруын тудыруы бек мүмкін.
Аштық
Ас уақытын жіберіп алып, тамақтанып үлгермесеңіз, бастың ауруы аштық сезімінен де бұрын сезінесіз. Мәселе қанның құрамындағы глюкоза шамасының азаюында. Мұндай кездері тіскебасар (тәтті кәмпиттер, шоколад, печенье) көмекке келе алмайды, оданша толыққанды ас ішіңіз.
Кенеттен пайда болған бас ауруын жазу үшін мәселенің себебін табу керек. Бас ауруы сіз үшін үйреншікті болса, әр бас ауырған кезде, ол қай уақытта, қандай жағдайларда болғанын бақылаңыз. Сол күні қандай тағамдар қабылдап, ауа-райы қандай болғандығын есте сақтаңыз. Осындай ақпарат сізге басыңыз не себепті ауырғандығын табуға көмектеседі.
Стресстік жағдайлар бас ауруының басты себептерінің бірі. Әрине, күнделікті кезігетін стресстік жағдайлардың алдын ала алмаймыз, алайда уақыт өте оларға сезімталдықты кемітіп үйренуге болады.
Күнделікті бір орында жұмыс жасайтындар бас ауруына жиірек шалдығады. Бас ауруын тез жаза алатын оңай дауалардың бірі –жеңіл физикалық жаттығулар. Жұмыс орнынан тұрып, кеңсені бір айналып келіңіз. Далаға шығып қол мен аяққа жеңіл жаттығулар жасаңыз.
Бас массажы да бас ауруы кезінде жақсы көмекші. Самайды саусақтармен уқалау қатты ауруды қойдыра алады, ал жалпы массажды щетка тарақпен де жасауға болады.
Дұрыс тамақтанатын адамның басы ауырмайды. Тамақтану уақытын жібермеу қандағы қант шамасын бірқалыпты ұстайды. Күніне 2-3 литр су ішу керек, ағзадағы су тапшылығы бірінші кезекте миға әсер етеді.
Қазірде бас ауруын жазатын дәрілердің түр-түрі бар. Оларды бас ауырғанда бірден ішуге болады. Алайда күнделікті дәрі ішіп жүрсеңіз, ағзаңыз үйреніп кетіп, келесі жолы басыңыз одан қатты ауырады.
Егер бас ауруы 2 күннен көп уақыт жалғасып, еш басылмаса, дәрігерге көрінуіңіз қажет.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: footage.shutterstock.com
С. А