- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бас ауруы: Түрлері,...
Бас ауруы: Түрлері, белгілері және емдеу жолы
Бас ауруы – әр түрлі себептерден болатын ауырсыну сезімі. Көбіне қан айналу жүйесінің қызметі бұзылғанда миға қан біркелкі келмейді. Осының әсерінен сырқырап, солқылдап ауырады. Гарвард медицина мектебі ғалымдарының зерттеуі бойынша, бас ауруының 300 түрі бар.
Бас ауруының түрлері
Ғалымдар бас ауруын екі негізгі категорияға бөледі. Олар:
Бірінші деңгейлі. Мұндай аурулар қандай да бір сырқаттың себебінен туындамайды. Бұған ішкі факторлар мен мидың кей бөлігіндегі белсенділік әсер етуі мүмкін. Мұндай бас аурулардың аса қатері жоқ.
Екінші деңгейлі. Бұл аурулар белгілі сырқаттың немесе организмдегі процестің симптомы болуы мүмкін. Екінші деңгейдегі бас ауруы адамға қатер тудыруы ықтимал.
Бірінші деңгейлі бас ауруы
Жүйелі бас ауруы
Бас ауруларының ішіндегі кең таралған түрі. Ол бастың екі жағын да қамтиды. Кейде ауру сезімі мойын және арқа бөлігіне де берілуі мүмкін. Әдетте бір орында қозғалмай жұмыс істеу және эмоциялық күйзеліс себебінен туындайды.
Жүйелі бас ауруы 20 минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы мүмкін. Одан арылу үшін аспирин, парацетамол, ибупрофен сынды ауруды басатын дәрілерді ішуге болады.
Мигрень
Мигрень ерлерге қарғанда әйелдерде 3 есеге жиі кездеседі. Ол бастың бір бөлігінен бастау алып, көз және шеке аймағын, одан кейін желкеге ауысады. Ауру сезімі қатты дыбыстан және жарықтың әсерінен күшейе түсуі мүмкін. Кейде беттің бір жағы мен қолыңыз шаншып, сөйлеу қиындайды.
Мигрень кезінде болатын аура инсульттің белгілеріне ұқсас. Егер мұндай жағдай бірінші рет орын алса, жедел жәрдем шақырған жөн. Қосымша белгілері болмаса, ауру басуға арналған дәрілерді ішіңіз.
Кластерлі бас ауруы
Бірінші деңгейлі аурудың ішіндегі кең таралғаны. Мұнымен әйелдерге қарағанда ерлер 5 есеге жиі ауырады. Бір күнде сегіз рет және жылына 1-3 ай көлемінде ауруы мүмкін. Әдетте көктем және күз айларында көбірек байқалады.
Ауру, көбінесе, бастың бір жағын ғана, көздің артқы тұсын қамтиды. Кейде көз жасаурап, мұрын бітіп, жүрек айнуы мүмкін. Бұл кезде ауруды басатын дәрілер көмектеспейді. Оттегі терапиясы (жиі тыныстау, терең демалу) арқылы ауруды басуға болады.
Екінші деңгейлі бас ауру түрлері
Мұрын қуысындағы бас ауруы
Бұл мұрын қуысына шырыштың жиналуы әсерінен туындайды. Синусит маңдай, мұрын, көздің айналасында ауырып бастайды. Басыңызды еңкетсеңіз, ауру сезімі күшейе түседі.
Ауруды басу үшін мұрынға тамызатын дәрілерді қолдануға болады. Егер ауру мұрын қуысына түскен инфекция кесірінен туындаса, антибиотик қабылдау қажет. Мұны тек терапевт пен отоларинголог қана тағайындай алады.
Жарақаттан кейінгі ауру
Аурудың бұл түрі бас жарақатынан кейін пайда болады. Уақыт өте ауру бәсеңдеп, 6-12 айдан кейін толық басылады. Кей жағдайда бас ауруы асқынып кетуі де мүмкін.
Ол жүйелі бас ауруына және мигреньнің белгілеріне ұқсас. Ауруду басу үшін рецептсіз берілетін дәрілерді ішіңіз.
@. @assel_assanova