Балаға арналған екпеден бас тартуға бола ма?

Балаға арналған екпеден бас тартуға бола ма?
Фото: Түркістан

Көптеген ата-ананы жоспарлы екпеден бас тартуға бола ма деген сұрақ қызықтырады. Балаларға екпе салдырудан бас тарту бұл — ата-ананың құқығы, себебі олар 18 жасқа дейін өз баласының өмірі мен денсаулығына жауапкершілік алады.

Егер сіз екпеден бас тартамын деп шешсеңіз, заңдық және медициналық тұрғыдан бас тарту саналы түрде болуы тиіс. Одан бөлек, келешекте емханалармен, бақшалармен және мектептермен арада ешқандай мәселе туындамас үшін дұрыс рәсімделген болуы тиіс.

Екпеден бас тартуға бола ма?

Еліміздің аумағындағы әр адам тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпелер алуға құқылы.

Жұқпалы аурулардың ұшқыны болмас үшін балалар балабақшаға екпе алғаннан кейін қабылданады. Екпемен қорғалмаған балалар жұқпалы аурулар тіркелген сайын карантин аяқталғанша балабақшаға бармайды.

Егер ата-ана баласына екпе салдыртудан бас тартса, оның шешімі медициналық құжаттарға жазылуы тиіс. Атаана мен медициналық қызметкер осы жазбаның астына қолдарын қоюы қажет. Сондай-ақ, міндетті түрде бұл шешімнің мүмкін болатын салдарлары көрсетіледі.

Екпеден бас тартудың салдары қандай?

• бала ауырып, отбасы мүшелеріне де жұқтыру қаупі басым. Салдары қайғылы аяқталуы мүмкін. Мысалы, полиомелитпен ауырған соң мүгедек болып қалуы мүмкін.

• белгілі бір елдерге шығуға тыйым салынады. Тек нақты профилактикалық екпе алған адамдар ғана бара алатын елдердің тізімі бар.

• жұқпалы аурумен ауыру қаупі жоғары жерлерге жұмысқа алынбайды.

Екпеден бас тартқанда мектеп пен балабақшаға қабылдамай ма?

Ата-ана балаға екпе салдырып-салдырмайтынын өзі шешеді. Қазір елімізде екпе салынбаған баланың балабақша немесе мектепке бару құқығын шектейтін заң жоқ. Сондықтан, екпе салдырмау балаңызды балабақша немесе мектепке қабылдамауға себеп бола алмайды.

egov.kz

@. @assel_assanova