Бұрынғының әжелері, шешелері баласына "далада ас жеп, шайнаңдап жүрген біріншіден ұят, екіншіден ұшынып қаласың" деп тәрбиелеуші еді. Осы ұстанымда көп мағына бар екен. Олай деуім, қазіргі баланың көбі аурушаң, тіпті, семіріп кеткендері баршылық.
Дүкендегі әсірелеп, әдемілеп қойылған қорапшалар мен шишадағы неше түрлі қызылды-жасылды сусын мен тәттілер "мені алшы" деп тұр. Әрине, бала қызығады. Ал мұндай өнімді жеген балалар үйдегі асқа қарамайды. Содан баланың ағзасы бірте-бірте әлсіреп, аурушаң бола бастайды.
Негізінде, қолдан істелген тамақта қуат бар, балаға әл береді. Әрі ішкі құрылыстың қалыпты жұмыс істеуіне көп жәрдем етеді. Айран мен қаймақ, ірімшік, құрт, қымыз – біздің бабалардың ата асы. Біз неге одан беземіз? Жеміс-жидек, көкөністің орны бөлек. Олар жерден өсіп шыққан таза өнім.
Бабаларымыз малдың сүтінен неше түрлі асыл тағамдар дайындап, тәттісін де, ащысын да қатар қолданған. Мәселен, ашымаған сүттің сары суынан (мәйек салып ұйытылған) қайнап, қазіргі ирис кәмпитіне ұқсас "сірне" деген тәтті дайындаған. Ол – шай дастарханға дәм кіргізетін тағам. Әрі жұмсақ, әрі тұщы ежгей құрт та – шай мәзірінен арналған тағам.
Талқан – қуырылған бидайдың ұнына сүт пен майын, қантын араластырып, мұны да қыс мезгілінде қарынға салып сақтайтын болған.
Қызыл ірімшіктен жасалатын қоспа, қанты мен майын көп қоспай өз мәнінде жасаса, одан тәтті тағам жоқ. Қысқы асқа әдейілеп құрт қайнатып алынады. Майлы сүттен жиналған іркіттен қайнатып алынған құрт сықпа құрт (қайнатарда аздап қант салады) жеуге өте тәбетті, асқазанға бірден-бір ем. Ащы құрт әдетте сорпаға қосылады. Майлы семіз астан тойып алып, минералды судың орнына сорпа ішсе, тамақ бойға сіңімді болады. Ішек жолдарының бөгетсіз жұмыс істеуіне көмектеседі.
Балалардың аузы үйренсе, ағзаларына ең пайдалы – осы тағамдар.
Зейнеш Рақышқызының "Сыр сандық" кітабынан