- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бала тамақтан уланған...
Бала тамақтан уланған кезде қандай алғашқы көмек көрсету керек?
Мерекелік демалыста, саяхатта немесе жаныңызда дәріхана жоқ кезде балада тамақтан уланудың алғашқы белгілері пайда болса, ата-ана не істеу керек?
Тамақтан улану немесе ішек жұқпасы негізінде жұқпалы гастроэнтерит деп аталады. Ауру күтпеген жерден құсудың және (немесе) іш өтудің пайда болуымен сипатталады. Әдетте, 90 пайыз жағдайда жұқпалы гастроэнтерит вирустық болып табылады.
Жұқпалы гастроэнтериттің негізгі қаупі — қатты диарея кезіндегі ағзаның сусыздануы.
Жұқпалы гастроэнтериттер жиі кездеседі және олардың көпшілігі ротавирусты инфекция болады.
Тамақтан уланудың негізгі себептері:
- дұрыс жуылмаған қол;
- сапасыз тамақ;
- өнімдерді жеткілікті түрде термиялық өңдемеу;
- өнімдерді дұрыс сақтамау;
- өнімдерді бөлме температурасында ұзақ сақтау;
- гигиена факторлары.
Ескерту: іш өту мен құсу көптеген аурулардың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан балада бұл белгілер пайда болса, аурудың бірінші күнінде оны дәрігерге көрсетіп, нақты диагноз алуға тырысу керек.
Тамақтан уланған баланы қалай емдеу керек?
Әдетте, іштің ауыруы, құсу, іш өту 1-2 күнде кетеді, алайда кейде 1 апта бойы іш өтуі мүмкін. Содан соң бала белсенді бола түсіп, көңілденеді. Бұл баланың жазылып келе жатқанын көрсетеді. Жұқпалы гастроэнтериттердің 99 пайызы үйде емделеді және ауруханаға жатуды қажет етпейді. Бірақ ата-ана дәрігермен күмәнді белгілерді талқылау үшін онымен байланыста болуы керек.
Басты қауіп — ағзаның сусыздануы, сондықтан ата-ана үйде баланың су ішуін қадағалау керек.
Балаға қанша су беру керек?
Егер еметін бала болса, «қаншалық жиі, соншалықты жақсы» әдісін қолданыңыз. Қажет көлемді бала өзі еміп алады. Егер бала құсып жатса, кейде құсуға қарсы преперат беру керек болады. Бірақ емізуді тоқтатпау керек.
Егер ембейтін үлкендеу бала болса, оған суды аз-аздан, бірақ қайта-қайта беру керек: 10 минут сайын 1-2 ас қасық су.
Егер балада температура болса және құсып (іші өтіп) жатса, дене массасының килограмына 100 мл су ішкізу керек. Мысалы, баланың салмағы 10 кг болса, оған 1 литр су ішкізу керек. Ал 20 кг балаға 2 литр су ішкізу керек. Сізге бұл су көп көрінуі мүмкін, алайда олай емес.Баланың іші өткенде немесе құсқанда, ағза көп су жоғалтады.
А. Жапатова