- Негізгі бет
- Денсаулық
- Бақыт гормонын арттырудың...
Бақыт гормонын арттырудың қарапайым төрт жолы
Бақыт гормонын көтерудің, сол арқылы көңіл-күйді жақсартудың оңай жолдары бар. Ол – бақыт гормонын көбейететін тағамдарды жеу, көбірек қозғалу, жаттығу жасау, жаяу жүру.
Эндорфин, серотонин және окситоцин гормондарын көбейететін арнайы тағамдарға жаңғақ, йогурт, қызыл бұрыш, жұмыртқа мен балықты жатқызуға болады. Жаңғақтың құрамындағы триптофан қышқылы ағзада серотонин бөлуге қатысатын компонент болса, йогурт ішектің пробиотикасын көбейтіп, тамақты сіңімді етеді. Ал қызыл, ащы бұрыштың құрамындағы капсаицин эндорфин гормонын бөледі.
Ал балық етіндегі B3, B6 B12 витаминдері, Омега-3 май қышқылы адам ағзасында ең қажет компоненттер. Көк шөп мен көкөніс жеуді де ұмытпау керек. Шпинат пен бананның да пайдасы мол көрінеді. Бұлардың барлығында магний бар. Ал ол серотонин мен дофаминнің деңгейін көтереді.
Тамақтанудан басқа бақыт гормонын көбейтудің мынадай қарапайым жолдары бар.
1. Қозғалу, жүгіру мен жүру. Бір сөзбен айтқанда, спортпен айналысу. Жаттығуды үзбей жасайтын адамның қанында эндорфин көп болады. Дене қозғалысы эндорфиннің бөлінісін күшейтеді. Спортпен үнемі айналысатын адамның өз-өзіне деген сенімі, өзін бағалауы жоғары болатыны содан. Көңіл-күйі жақсы жүреді.
2. Жетістікке жету. Алға қойған мақсатқа жету. Жоспарды орындау. Адам бір нәрсеге қолы жеткенде, әсіресе, ойлаған ойын орындаса, жоспарын іске асырса, қуанатыны, көңілі марқаятыны белгілі. Сондықтан адам өзі жететіндей, күш-қуаты мен әлі, шамасы дес беретіндей істі мақсат қылып, соған қол жеткізуі тиіс. Ал үлкен мақсат қойып алып, оған жете алмай жүрсеңіз, бұдан ұнжырғаңыз түсіп, керісінше күйзеліске түсесіз. Сондықтан аз дүниеден ләззат ала білу керек.
3. Жұртты жақсы көре біліңіз. Қайырымды іс жасап, кездескен жанға мейірім таныта біліңіз. Өйткені адам жақсылық жасаған адамын жақсы көріп тұрады. Ал жақсы көру адамды бақытқа жетелейді. Мейірімді, қайырымды іс жасауға құмар адамның ағзасында серотонин көп бөлінеді екен. Бұл адамның ұйқысы мен ас қорытуын жақсартады екен.
4. Құшақтасу. Бақыт гормонын күшейтудің тағы бір қарапайым жолы – құшақтасу. Адам құшақтасқан кезде, окситоцин гормоны белсенді бөлінетін көрінеді. Сондықтан пандемияда ұмытқан құшақты қайта ашайық.
Қ. Слямбек