- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ауаның ластануы денсаулыққа...
Ауаның ластануы денсаулыққа қатысты қандай проблемаларға әкеледі?
Әлемдегі парниктік газдардың артуына байланысты ауа сапасы да ластанып бара жатыр. Мысалы, Франция астанасы Париж қаласында бір күн бойы демалу 21 дана темекі тартқанмен бірдей екен. Ауа сапасын жақсарту және табиғатты сақтау бойынша дүниежүзі елдері "Париж келісіміне" қол қойған болатын. Бірақ оның тәртібін ірі өнеркәсіппен айналысатын елдер сақтамай отыр. Елімізде де ауа сапасын жақсарту бойынша жосапрлы істер қолға алынып жатыр. Мысалы, "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасының бір саласы "Таза Қазақстан" деп аталады. Ол бойынша еліміздегі ауа сапасын жақсарту, ауаға парниктік газдар шығындыларын азайту көзделген.
Елімізде де ауа сапасы нашар қалалар бар. Былтырғы, статистика бойынша оған 10 қала кірген. Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанның ластану деңгейі жоғары 10 қаласын атаған болатын.
«Атмосфералық ауа мониторингі бойынша 45 өнеркәсіптік қаланың 10-ы атмосфералық ауаның ластану деңгейінің жоғары деңгейіне жатады. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған мен Шымкент», - деген еді министр.
Ауыр өндірістерді қаладан алшақ орналастыруға тырыссақ та, қалада газдық және көмірлі электр станциялары тұрғанда, көліктер жүргенде біз зиянды заттарды жұтамыз. Өкінішке қарай, көпшілік экологиялық проблемаларға аса мән бермейді, алайда ол әр адамның денсаулығы үшін маңызды. Ауаның ластануы денсаулыққа қатысты қандай проблемаларға әкеледі?
1. Тыныс демікпесі (бронхиальная астма)
Зерттеулер нәтижесі бойынша, демікпенің жаңа жағдайларының 3-6%-ы ауаның пайдаланылған газ, түтін, зиянды булану және басқа да денсаулыққа жағымсыз заттармен ластануымен байланысты екені анықталған. Сондай-ақ демікпенің дамуына ауадағы озонның жоғары деңгейі де әсер етеді.
2. Созылмалы бронхит
Созылмалы бронхиттің дамуының негізгі себебі — темекі тарту, ал одан кейін ауаның ластануы мен уытты газдар тұрады. Бұл ауру кезінде бронх шырышты қабықшасының қабынуы байқалады. Ол жөтелуге, қақырықтың бөлінуіне, қырылға, демігуге және басқа да асқынуларға әкеледі. Сонымен қатар, созылмалы бронхитпен қиналатын адам ағзаға қажетті оттек мөлшерін алмайды. Ол үнемі оттектің жетіспеуіне, нәтижесінде, жалпы хал-жағдайдың нашарлауына әкеледі.
3. Пневмония
Әдетте, бұл ауру жұқпаның себебінен пайда болады, бірақ оның пайда болуына көптеген факторлар әсер етеді. Солардың бірі — нашар экология. Пневмонияның пайда болу қаупін темекі тарту мен созылмалы бронхит ынталандырады. Ал, соңғысы, жоғарыда айтқандай, лас ауа себебінен пайда болады. Бұл ауру кезінде кеуде тұсы ауырады және жөтел, демікпе, әлсіздік болады.
4. Тыныс алу жүйесінің қатерлі ісігі
Қала ауасында канцерогенді заттар ұшып жүреді. Олар тыныс алу жүйесінің қатерлі ісігін шақыруы мүмкін.
5. Жүрек аурулары
Ластанған ауа тек тыныс алу жүйесіне қауіп төндіреді деп ойласаңыз, қателесесіз. Ауаның ластануы жүрек соғуының ырғақсыздығы, жүрек ұстамасы, жүрек жеткіліксіздігі және инсульттің пайда болу қаупін арттырады. Оның себебі ауадағы канцерогенді заттар қантамырларға оңай кіріп кете алады. Содан соң олар қабынуды шақырады. Жүйелі түрде қабыну қатерлі ісік қаупін арттырып қана қоймай, қантамырлардың серпімділігін азайтады.
6. Аутоиммунды аурулар
Аутоиммунды аурулар — сау тіндерді зақымдайтын және қабынуды тудыратын аутоиммунды денелердің патологиялық өндірісіне байланысты дамитын бұзылулар класы. Ағза қауіпті бактериялар мен вирустарды жойып жатырмын деп санап, өз-өзіне шабуыл жасайды. Аутоиммунды аурулар жиі жүрек пен өкпе тұсында қабыну тудырады. Мұндай бұзылулардың пайда болу қаупін арттыратын факторлардың бірі — ауаның ластануы.
7. Шырышты қабықшалардың тітіркенуі
Әсіресе, ауада органикалық қосылыстар (хош иісті көмірсутектер, альдегидтер, спирттер) ұшып жүрсе, ең алдымен мұрын мен көздің шырышты қабықшалары зардап шегеді. Мұндай заттар ауаға зауыттар мен автокөліктерден ғана емес, сондай-ақ формальдегид және денсаулыққа зиянды басқа да заттар қолданылған сапасыз жиһаздан да түсуі мүмкін.
8. Түсік және мерзімінен бұрын босану
Ластанған ауа жүктіліктің бірінші жартысында түсік болу қаупін арттырады. Оның себебі әлі толық зерттелмеген. Бір теория бойынша, ауадағы канцерогенді заттар ұрықжолдас айналасында қабыну тудырады. Сондай-ақ ластанған ауа мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін. Ол қандағы уытты заттар шоғырының артып кетуінен болады. Ол иммунды жауапты шақырып, ұрықжолдасты қорғауды әлсіретеді.
А. Жапатова