Біреудің көзінше асқазан шұрылдап қоя берсе, "еее, қарның ашқан екен" деп жатады. Бұған біз де сенеміз. Асқазан шұрылдаса, тамақ ішу керек деп тіскебасар іздеп кететініміз тағы бар. Ендеше асқазан неге шұрылдайды екен, мұның себебі не әрі қорқатын дүние бар ма, жоқ па – анықтап көрелік.
Асқазанның бір жаман қасиеті – ыңғайсыз кезде шұрылдап қоя беретіні. Әсіресе бөгде адамнан ұят. Не дерімізді білмей қаламыз. Бірақ ұялудың, уайымдаудың себебі жоқ екен. Неге десеңіз, бұл қалыпты, табиғи нәрсе. Кез келгеннің басынан өтер жағдай.
Асқазанның шұрылы ертеден белгілі. Көне гректер мұндай дыбысты борборигм деп атаған. Шұрылдаған дыбысқы еліктеп солай атаса керек. Қазір бұл сөз медициналық терминге айналды. Асқазанның шұрылдауын білдіретін медициналық атау.
Қарынның неге шұрылдайтынын білмес бұрын, асқазанның құрылысына бір көз жүгіртейік. Асқазанның жалғасы аш ішекке кететіні белгілі. Асқазан-ішек жолы құбыр сияқты. Өңештен бастап, айналшыққа (анус) дейін жалғасып жатыр. Ішектің іші қоймалжың майлы бұлшық еттен тұрады.
Адам тамақ ішкен кезде, асқазанға түскен тағам қорытылып аш ішекке өтеді. Ал аш ішек қорытылған тамақты сіңіру үшін қозғалып, "жұтына бастайды". Шұрылдаған дыбыс та содан шығады. Асқазанда тамақ барда, аш ішектің іші де тағамға толып жатады да, оның "жұтынған" дыбысы сыртқа шықпай іште семіп кетеді.
Ал аш ішекте ас-ауқат жоқ кезде, оның "жұтынған" дыбысын нақ естиміз де, шұрылдағанын сеземіз. Әйтпесе бұл аш ішектің қалыпты жұмысы, биоритмі.
Аш ішектің тамақ жоқ кезде, жұмыс істеп тұруы өте маңызды. Өйткені тамақтың қалдығы мен бактериялар бір жерде жиналып қалмауы тиіс. Ал "шұрыл дыбыс" 10-20 минуттың ішінде кетеді. Әрі тамақ ішіп болған соң, 1-2 сағаттан кейін міндетті түрде шұрылдайды. Бұл – қалыпты құбылыс.
Бірақ мұны қарын ашқанды білдіреді деуге келмейді. Өйткені адам тамақ ішкеннен соң 12-24 сағаттан кейін қарны ашады. Оған дейін аштықты сезбейді.