Ашығудың зияны қандай?

Қазір ашығудың пайдасы жиі айтылып жүр. Аутофагия құбылысы ашылғаннан бері, ашығуды медициналық ем-дом ретінде қарастыру басым бағыт алды. Десе де ашығудың кейбір кемшін, әлі дұрыс зерттеле қоймаған тұстары барын ұмытып кетеміз. Ендеше Massaget.kz порталы бұл сауалға жауап іздеп көрді. 

Аутофагия деген не?

ХХ ғасырда айтыла бастаған биологиялық құбылыстың бірі – аутофагия. Ғылымда бұрыннан белгілі. Бірақ тәжірибе жүзінде жақында ғана дәлелденді.

Аутофагия дегеніміз – жасушалардың өзін-өзі құрту процесі, адам ағзасының өзімен-өзі тазаруы. Тірі, дені сау жасушаның органоидтары ақуыз құрылысы бұзылған, қартайған жасушалармен қоректенуі. Яғни "еті тірі" жасушалардың бактерия, вирус сынды басқа да құрылысы өзге жасушаларды жоюуы. Ал мұндай процесті қалай және неге қолдануға болады деген сауалға жапон биологы Есинори Осуми тапты. Ол адам ашыққан кезде аутофагия құбылысы іске қосылатынын дәлелдеді. Ашыққан адамның ағзасына түсер қорек азайып, жасуша энергия табудың өзге жолдарын іздей бастайды. Содан тірі жасуша әлсіз, аурушаң жасушаларды "азық" етеді. Тірі жасушаға жем болатындардың арасында рак клеткалары да бар.

Осыны дәлелдегені үшін Осумиге 2016 жылы медицина саласынан Нобель сыйлығы берілді. Ол ашығу арқылы адам ағзасының ауруға, қартаюға қарсы тұратынын анықтады.

Ашығудың пайдасы 

Ашығудың медициналық түрі көп. Бірі таңнан кешке дейін ашықса, енді бірі майлы, ащы тағам жемей ашығады. Енді бірі тек су ішеді. Мұсылман қауымда отыз күндік ораза мен ара-тұра уақытша ашығудың түрлері бар. Христиан дінін ұстанатын қауым нан мен шошқаның етін жемей ашығады. Қалай десек те, ашығудың бұрыннан бар әдіс-тәсіл екенін байқаймыз. Ал ғылыми дәлелі тек ХХІ ғасырда табылды.

Бразилия ғалымдарының айтуынша, аутофагия құбылысын іске қосу арқылы қабыну, жүрек-қан тамыры ауруларын, зат алмасуының бұзылуы, нейродегенативті, қатерлі ісік пен семіздіктің алдын алуға болады. Курт Эскобар бастаған зерттеу тобының жазуынша, уақтылы ашығу Альцгеймер (қартаю немесе алжу) ауруының алдын алады. Соның арқасында ағзада бета-амилоид сынды амин қышқылдарын азаяды. Яғни, белгілі бір уақыт сайын ашығу арқылы қартаюды тоқтатып, денсаулықты жақсартуға, ұзағырақ өмір сүруге болады.

Скриппс ғылыми-зерттеу институтының иммунологтары адам ағзасы аздап ашыққанда және инсулинге тәуелді болмаған жағдайда аутофагияның тез жүретінін жазады. Ал адам қартая келе аутофагия да баяу жүреді.

Флорида университеті ғалымдары аутофагия құбылысы тез жүру үшін ауық-ауық ашығуды әдетке айналдару керегін айтады. Олардың есептеуінше ең тиімді ашығу – 18-24 сағаттық ашығу тәртібі. Ал ең ақылға қонымды тәсілі – бір күн аш жүріп, бір күн тоқ жүру.

Ашығу, әсіресе, асқазан жұмысына жақсы. Өйткені уақытша ашығу асқазанның демалуына көмектеседі. Зерттеуші Пейдж Джерроның жазуынша, ашығу асқазан мен ішектің микрофлорасына өте пайдалы.

Ашығудың кері әсері

Ғылыми медицинада да, қолданбалы медицина да ашығудың емдеу тәсіліне айналғаны белгілі. Алайда бұл жерде ескере кетерлік нәрселер бар. Біріншіден, булимия немесе ашқарақтыққа психологиялық жағынан тәуелді адамдарға ашығудан пайда жоқ. Өйткені күні бойы ашығып жүріп тамаққа бас қою ағзаға ауырлық түсіреді. Ашыққан адамға ас ішерде абай болған жөн. Аз-аздап, біртіндеп бастаған абзал. 

Диабетке шалдыққандарға (1-ші және 2-ші топтағылар) да ашығуға болмайды. Өйткені инсулин салғанда қандағы глюкозаның деңгейі түсіп кетуі мүмкін.

Өт ауруына шалдыққандарға ашығу зиян. Себебі ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Өт жолы дискинезиясы барларға да ашығуға болмайды.

Флорида университеті ғалымдары Антон Стивен мен Кристиан Леувернбергтің зерттеуінше, адам күнделікті ашықпай-ақ калорияның белгілі бір бөлігін шектеу арқылы аутофагияны іске қосуға болады. Мәселен, жұмыста қолыңыз босамай, түскі асқа үлгермей қалсаңыз, бұл – калорияны уақытша шектеу боп саналады. Мұндай жағдайда да ағза өзін-өзі реттеуді іске қосып, тірі жазушы энергия өндіру үшін қартайған жасушаларды "жей бастайды".  

Америка медицина қауымдастығының журналында жарияланған 2017 жылғы зерттеуде ағзаға түсетін калорияны азайту мен күні бойы ашығудың тиімділігі бірдей екені айтылады. Күні бойы ашыққан адамның ас ішерде нығыз, калориялы тамаққа бас қоятыны бар. Аталмыш зерттеуде мұның дұрыс емесі айтылған. Өйткені бұл қанда холестериннің көбейіп кетуіне әкеледі.  

Аутофагия қатерлі ісіктің алдын алады деп болжам жасалғанымен, бұған әлі нақты дәлел жоқ. Себебі рак жасушаларының аутофагияға бейімделіп алатын қасиеті бар көрінеді. Бұған үнді ғалымдарының зерттеуі дәлел. АҚШ-тың Принстон университетінің ғалымдары Д.Джошуа мен У.Айлиннің зерттеуінде аутофагияның пайдалы екені, алайда оның жағымсыз тұсы да барын айтады. Яғни, бұл ғалымдардың айтуынша, рак жазушасы аутофагияға ыңғайланып, оның өзін қорек ретінде қолдануы мүмкін. 

Екінші бір себеп – адам ашыққан кезде қанында инсулин көбейіп кетеді. Неміс профессоры Рудольф Каакидің зерттеуінше, онкологиялық ауруларға шалдыққандарға ең тиімді диета – инсулинді көтермей, қалыпты деңгейде ұстайтын, мүмкіндік болса, азайтуға көмектесетін диетаның түрі. Сондықтан мұндай адамдарға 20/4 сағат режімінде ашығуға болмайды. Өйткені сағат 18-24-тің арасында адам ағзасында инсулин бөлінуі азаяды да, қалған уақытында қайта көтеріледі.

Швед ғалымдарының зерттеуінше, аутофагия кезінде ағзада өсу гормоны көп бөлінеді. Алайда бұл адам бұлшықетін өсіруге жеткіліксіз екені айтылған. Себебі бұлшықет өсу үшін тағы инсулин гормоны керек. Екеуі бірігіп қана салмақ өсіреді. Ал жоғарыда айтылғандай ашыққан кезде инсулин керісінше азайып кетеді.

Маманның пікірі

Нутрицолог Майгүл Қайнарбаеваның айтуынша, адам ашығуға көшер алдында дәрігерге тексеріліп алғаны дұрыс. Өйткені дұрыс ашығудың жолын білмейді. Нақтырақ айтсақ, адамға диета тағайындауға әсер етер фактор көп.

"Ең алдымен, адамның жынысы мен салмағы, ұлттық ерекшелігі, жасы, жұмыс сипаты, климаттық жағдайы ескерілуі тиіс. Қанына биохимиялық талдау жасап, глюкоза мен инсулиннің көлемі тексеріледі. Ашығу асқазан ауруларының біріне  көмектессе, енді бірін, жасырын жатқанын асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан адамға диета ұстау мен ашығудың индивидуалды тағайындалған рационы ғана сауықтырады", - дейді маман.   

Ал гастроэнтеролог Ғалия Құсайынованың айтуынша, ашығамыз деп асқазан-ішек жолы ауруларын асқындырып алатындар көп көрінеді. Сондықтан ашығуға бармас бұрын асқазан мен бүйректі тексертіп алған абзал.

"Егер асқазан мен ішек жолдарында асқыну болса, онда оны емдеп алып барып ашыққан жөн. Гастрит пен асқазан жарасы барларға ашығуға болмайды. Оның орнына майлы тағамдарды азайту, тез қорытылатын көмірсуды көбірек тұтыну әрі физикалық белсенділікті арттыру арқылы да ашығудың эффектісіне жетуге болады", - дейді маман.