- Негізгі бет
- Денсаулық
- "Ащы тамақтың қатысы...
"Ащы тамақтың қатысы жоқ". Асқазан жарасы неден пайда болады?
Асқазан жарасы - жиі кездесетін аурулардың бірі. Ол емделетін ауруға жатады, сондықтан оны уақытында анықтай білу маңызды. Көпшілік асқазан жарасының пайда болуын ащы тамақты көп жеумен байланыстырады. Алайда ащы тамақ асқазан жарасының белгілерін күшейтуі мүмкін, бірақ оның пайда болуына әсер етпейді. Ендеше, асқазан жарасы деген не? Ол неден пайда болады және одан қалай арылуға болады?
Асқазан жарасы деген не?
Жара тек асқазанда емес, ішектер бөлігінде де пайда болуы мүмкін. Біздің асқазанымыз - бұлшықетті қап, оның ішінде асқорыту ферменттері мен тұзды қышқыл қоспасынан тұратын күйдіргіш асқазан сөлі бар. Бұлшықеттер асқазанға түскен тамақты араластырады, ал асқазан сөлі микробтарды өлтіріп, тамақты құрауыштарға ыдыратады. Органды өзін-өзі қорытудан шырыш қорғайды.
Асқазан жарасы кезінде шырышты қабықта немесе аш ішекте қабынған бөліктер пайда болады. Қабынған қабықша қорғауға қажетті шырышты аз бөлетіндіктен, тұзды қышқыл мен ферменттер асқазан қабырғасын "жей" бастайды. Соның салдарынан адам кіндік пен кеуде бөлігі арасынан жеңіл немесе күйдіретін ауырсыну сезеді.
Асқазан жарасы неден пайда болуы мүмкін?
1. Helicobacter pylori бактериясын жұқтырып алу
Бұл бактериялармен Жердегі тұрғындардың шамамен жартысы өмір сүреді. Оны жұқтырып алу оңай, себебі бұл инфекция су, тамақ, ыдыс-аяқ арқылы ғана емес, сүйісу арқылы да беріледі. Бұл бактерияны көпшілік балалық кезінде-ақ жұқтырып алады. Ол асқазанға түскеннен кейін шырыштыны зақымдайтын зат бөле бастайды. Оған жауап ретінде адам ағзасында иммунды жауап туындауы мүмкін. Егер олай болса, қабыну басталады. Ол асқазан бұзылысына, гастрит, асқазан жарасы және тіпті, асқазан қатерлі ісігінің даму қаупін тудыруы мүмкін. Алайда, helicobacter pylori бактериясы бар адамдардың көпшілігінде бұл проблема туындамайды, себебі адам ағзасы осыншама жылда икемделіп, оның зиянын бейтараптап үйренген. Тек кей адамдарда ғана ол шырыштыны зақымдайды, оның нақты себебі әлі анықталмаған.
2. Қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер ішу
Көпшілікке таныс ауырсынуды басатын дәрілер дәріханаларда рецептісіз сатылады. Мұндай дәрілер екі фермент - циклооксигеназдың (ЦОГ 1 және ЦОГ 2) жұмысын тежейді. Екі фермент те химиялық заттар - простагландиндердің синтезіне жауап береді. Алайда "қабыну" простагландиндерден басқа ЦОГ 1 асқазан шырышты қабығының тұтастығын сақтап тұратын "қорғаныш" простагландиндерін түзеді. Ауырсынуды басатын дәрілер ЦОГ 1 мен ЦОГ 2 жұмысын тежейтіндіктен, мұндай дәрі-дәрмек бір жағынан ағзаны емдегенмен, екінші жағынан асқазан шырыштысын зақымдайды.
Сондықтан ауырсынуды басатын дәрілерді тек дәрігердің айтуымен ішу керек. Егер оны ұзақ ішу керек болса, асқазанды қорғайтын қосымша дәрі ішу керек болады. Оны да сізге тек дәрігер жазып бере алады.
3. Асқазан жарасының пайда болуына депрессия да ықпал етуі мүмкін.
Сізде асқазан жарасы бар екенін қалай түсінуге болады?
Ең кең тараған белгі - іштің күйіп ауыруы. Оның нақты өзіне тән ерекшеліктері бар:
- ол әр тамақтанудың арасында немесе түнде басталады;
- антацид (асқазан ауыруын басуға арналған дәрілер) дәрі-дәрмек ішкен кезде ауырсыну қояды;
- ауырады, бірақ содан кейін ауырсыну бірнеше күнге немесе аптаға жоғалуы мүмкін;
- кейде тамаққа тәбет жоғалады, қышқыл кекіру пайда болады, жүрек айниды. Сондай-ақ кейде нәжісте қан пайда болады.
Белгілер әлсіз болса да, дәрігерге бірден қаралған дұрыс. Егер уақытында емделмесе, ол асқынып кетуі мүмкін: жарадан қан кетуі немесе тіпті, жара ойылып кетуі мүмкін. Бұл кезде ота жасату керек болады.
Тек белгілерге қарап асқазан жарасын басқа аурулардан ажырату қиын болуы мүмкін. Оны анықтау үшін эндоскопиялық зерттеулерден өту керек.
Асқазан жарасын қалай емдейді?
Асқазан жарасын емдеу оның пайда болу себебіне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Көп жағдайда науқастарға мынадай емдеу жолын ұсынады:
- Егер H. pylori бактериясы анықталса, антибиотик ішу ұсынылады;
- Асқазанда қышқыл бөлінуін басатын дәрілер жазып беруі мүмкін;
- Ауырсынуды басатын немесе қабынуға қарсы дәрілерді уақытша тоқтата тұру керек;
- Уақытша ащы тамақтан және алкогольден бас тарту керек.