- Негізгі бет
- Денсаулық
- Арықтауға арналған айран-көже...
Арықтауға арналған айран-көже
Аяқ астынан артық салмақ қосып, одан арылу үшін адам денсаулығына кері әсерін тигізетін түрлі диета ұстайтын жандар біздің арамызда да кездеседі. Сондықтан бүгін біз сіздердің назарларыңызға арықтаудың ең оңай және тиімді жолын ұсынғымыз келіп отыр. Бұл – арнайы арықтауға арналған айран-көже. Ол өте дәмді әрі денсаулығыңызға да пайдалы. Оны дайындау үшін небары 20 минут уақытыңыз кетеді.
Ол үшін сізге:
- 500 грамм майы алынған айран
- 1 түйір қияр
- 2-3 бөлік сарымсақ
- 10 грамм көк жуа
- 15 грамм ақжелкен мен аскөк
- 10 грамм райхан
- және өзіңізге ұнайтын тұз бен бұрыш керек болады.
Дайындау жолы:
Жақсылап салқындауы үшін айранды тоңазытқышқа қойыңыз. Сол уақытта басқа ингредиенттерді дайындай беріңіз. Қиярды жуып, қабығын аршып, кішкентай етіп тураңыз. Сол сияқты ақжелкен мен аскөкті жуып, тазалап, турап, сарымсақты да ұсақтаңыз. Егер сізге сарымсақ ұнамаса, оны қолданбай-ақ қоюға болады. Бірақ оның антиоксиданттарға бай және ағзаңызды тазартуға көмектесетінін ұмытпаңыз.
Кейін кесіліп, туралып дайын тұрған тағамдарды алып, үстіне айран құйыңыз. Тұз бен бұрышты өзіңіздің талғамыңызға сай салып, жақсылап араластырыңыз. Бұрышты қоспай-ақ қоюға да болады, бірақ ащы болғаны жақсы. Сөйтіп, айран-көжеңіз де дайын болды. Ас болсын!
Ж. Исакаев