- Негізгі бет
- Денсаулық
- Әрқашан бірге алып...
Әрқашан бірге алып жүруді қажет ететін 8 дәрі
Үйден тыс жерде кенеттен сырқаттанып қалсаңыз, қалай қорғанасыз? Шағын дәрі қобдишасын жинайық.
Біздің жиынтық – үйдегі дәрі қобдишасының қалтаңызға да сыйып кететін қысқартылған түрі. Біз дертті емдемей, ауру жағдайын жеңілдететін ең маңызды да тиімді дәрілерді таңдадық. Қалай болғанмен, дәрігерге көрініңіз.
Ашық жараға жағылған зиянсыз йодтың өзі жарақат диагностикасын айтарлықтай күрделендіріп жіберуі мүмкін. Қате алғашқы жәрдем дәрігерлердің жұмысын қиындатып жібереді. Сондықтан осы күні автомобиль дәрі қобдишаларына тек қан тоқтатуға арналған құралдар салынады. Біреудің өмірін арашалап алып қалатындай артық әрекетсіз алғашқы жәрдем көрсетіп үйрену қажет.
Дәрі қобдишасын жинарда, алдымен ыңғайлы қобдиша алыңыз. Біз су өткізбейтін арнайы дәріге арналған қаламсап тәрізді, бекітіліп жабылатын қорапты алуға кеңес береміз. Оларға әдетте 6-7 дәрі сыяды – көше дәрі қобдишасына одан артық керегі де жоқ. Тым болмаса, сырмасы бар пластикалық пакет қолданыңыз. Контейнерге скотчпен залалсыздандыру құралын жапсырып қойыңыз: спирттелген сулық және қолды залалсыздандыру мен санациялау гелі. Олардың қандай маркадан екені маңызды емес. Өзіңізбен бірге сутек тотығы мен хлоргексидин бөтелкесі болса, тіптен тамаша. Одан кейін стерильденген бинт пен бактерицидтік лейкопластырь қосыңыз. Тері бетіндегі жарақаттарды емдеп, микробтарды жоятын кішігірім жиынтық дайын.
Енді дәрілерге көшеміз. Тізімге ең арзан және тиімді дәрі-дәрмек таңдалды. Бір типті таблетканың көше дәрі қобдишасындағы ең көп мөлшері – 6 дана. Олар жақсы сақталуы үшін орамасынан шығармай, блистерімен бірге қайшымен қиып алуға болады.
1. Әмбебап құрал – парацетамол. Бұл әлемдегі ең танымал дәрі. Оның негізінде бірнеше ондық дәрі шығарылған (Панадол, Эффералган). Парацетомолдың ауруды басатын (бас және тіс ауруы), қызу түсіретін және аздаған ісуге қарсы әсері бар. Белгілі дозада балаларға да қауіпсіз болып есептеледі. Дегенмен бауыры ауратын адамдарға оны ішуге болмайды.
2. Диарея – лоперамид. Әсері бойынша Имодиумнан кем емес, есесіне бірнеше есе арзан. Қатты диарея кезінде 4 мг лоперамидты ішіп, кейін әр сұйық үлкен дәрет сайын 2 мг-нан қабылдап отырыңыз. Созылмалы диареяда 5 жастан жоғары балаларға лоперамидтті тәулігіне 2 мг-нан жазады.
3. Аллергия – диазолин. Танымал Эриуспен бірдей әсер етеді. Көптен қолданылып келе жатқан антигистаминді препарат болып есептеледі. Аллергия мен ісінуге қарсы әсер етеді, іштегі аурулар мен қышынуды басады. Кері әсері жоқ деуге болады. Балаларға арналған диазолин 0,05 г болатын драже ретінде шығарылады.
4. Тыныштандырғыш – валерьянка. Көне тиімді валерьянка бірқалыпты басу әсерін береді. Дегенмен, кейбір клиникалық зерттеулер валерьянка әсерінің плацебодан аспайтынын дәлелдеген. 12 жасқа дейінгі балаларға валерьянка ішуге болмайды.
5. Жүрек аурулары – нитроглицерин. Бұл қатты қопарғыш құрал ғана емес, жүрек ауруын басатын дәрі. Тамырларды кеңейтіп, қан айналымын жақсартады. Нитроглицерин таблеткасы стенокардия ұстамасын тез тоқтатады. Дегенмен бір кемшілігі бар: бұл дәрі жиі бас аурын қоздырады.
6. Жоғары қан қысымы – папазол. Бұл дәріні гипертониялық ауру мен стенокардияға шалдыққандар ішеді. Папазолды күніне 2-3 рет 1 таблеткадан ішеді. 12 жасқа дейінгі балаларға бермеңіз.
7. Улану – активтенген көмір. Әлемдегі ең танымал сорбент. Ішек-қарын жолындағы у мен уыттың сіңуіне жол бермей, адсорбция жасайды. Дәріден уланғанда жақсы көмектеседі. Бірақ активтенген көмірдің қиындығы, өзіңізбен бірге оның 2 бумасын алып жүруіңіз қажет. Себебі, адам салмағының 10 келісіне 1 таблеткадан есептеп қабылдау керек. Дегенмен, оны сыйымды және қымбат Фультруммен алмастыруға болады.
8. Спазмаға қарсы – дротаверин. Бұл қандай дәрі деп шошымаңыз. Кәдімгі но-шпаның арзан түрі. Ішіңіз түйіліп ауырса, дротавериннің 1-2 таблеткасын қабылдаңыз. 6 жасқа дейінгі балаларға бір реттік дозасы 10-20 мг, тәулігіне ең көп дозасы – 120 мг.
Бұл дәрі қобдишасы күрделі созылмалы аурумен ауырмайтын, дені сау адамдарға арналған. Егер сіздің дертіңізге қарай үнемі қабылдайтын арнайы дәрілеріңіз болса, қобдишаны өз денсаулығыңызға қарай құрастырыңыз.
Суреттер zdorovieinfo.ru сайтынан алынған