- Негізгі бет
- Денсаулық
- Арақпен күресудің жаңа...
Арақпен күресудің жаңа жолы табылды
Шотландияда спирттік сусындар ішумен күресудің жаңа жолы ойластырылды. Мұнда мобильдік құрылғыларға орнатылатын арнайы Drinking Mirror атты бағдарлама жасалды. Бағдарлама тек әйел адамдарға ғана арналған. Бұл ақпарат Шотландия үкіметінің ресми сайтында жазылған.
Бағдарламаның жұмысы өте қарапайым – қолданушы қалта телефонына суретке түсіп, кейін апта бойына ішкен арағының мөлшерін көрсетуі керек. (бір шыны спирттік сусынды бағдарлама – 175 мл деп қабылдайды). Мәлімет берілген соң бағдарлама суретке түскен әйелдің 10 жылдан кейінгі бет-әлпетін жасап көрсетеді. Егер қолданушы арақты іше берсе, қалтафонындағы суретіне қарап, тәубеге келеді деген ойды арқау еткен ұйымдастырушылар бұл жобаны тек әйел адамға арнағаны бекер емес екен. Себебі әйел адамдар өз келбетінің жақсы сақталуы үшін бәріне де барады дейді үкімет сайтында.
Drinking Mirror бағдарламасы Android 2.2 және одан жаңа нұсқаларына орнатылады екен. Осы жылдың наурыз айына дейін бағдарлама ақысыз түрде жүктеледі.
Статистикаға сүйенсек, соңғы 20 жылда Шотландиядағы 30-44 жастағы қыз-келіншектердің спиртке әуестігі екі есеге көбейген. Ал «ақ өлім» құшқан арулардың саны үш есеге дейін көбейе түскен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: theverge.com
А. Құлтай