- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алыстан көрмеудің даму...
Алыстан көрмеудің даму себептері және емі
Алыстан көрмеушілік (миопия) — алыста тұрған заттарды дұрыс көрмеу. Көз дәрігерлері миопияны әлсіз (3,0 диоптрийге дейін), орташа (3,25 диоптрийге дейін) және жоғары дәрежелі (6 диоптрийден жоғары) деп бөледі. Жоғары дәрежелі миопия 15-30 диоптрийге дейін жетуі мүмкін.
Алыстан көрмейтін адамдар алысқа арналған көзілдірікті қажет етеді, ал көпшілігіне тіпті жақыннан керуге арналған көзілдірік керек. Алайда көзілдірік көздің жітілігін үнемі жоғары деңгейде түзете бермейді, бұл ауру көз қабығындагы дистрофиялық және басқа өзгерістерге байланысты.
Көз жітілігінің нашарлауы туа бітуі, уақыт өте пайда болуы мүмкін, кейде бара-бара үдей береді. Ол кез-келген жаста анықталып жатады. Сырқат, әдетте, жасөспірім шақта күшейіп, 18-40 жас аралығында тұрақталады. Оның тұқым қуалауы да мүмкін.
Миопияның дамуына көзге шамадан артық салмақ түсіру де әсер етеді. Оларға жұмыс үстеліне дұрыс жарық түспеу, оқығанда және жазғанда дұрыс отырмау, теледидарды көп көру мен компьютерді жиі пайдалану жатады.
Миопия белгілері байқалған бойда оны түзету амалдарын жасау керек. Әйтпесе ауру асқына береді. Тіпті амблиопия (жалқау көз синдромы), қитарлық секілді күрделі дерттерге соқтыруы мүмкін. Егер жақын тұрған затқа қарауға арналған көзілдірік не жанаспалы линза дұрыс таңдалмаса, көз бұлшық еттеріне шамадан тыс салмақ түсіп, алыстан көрмеушілік үдей түседі. Сондықтан көздің көруі нашарлаған бойда білгір офтальмологқа қаралып, көзілдірік не линза кию керек.
Алдын алу жолдары. Көздің жітілігін сақтау үшін төмендегі ережелерді есте ұстаған жөн:
• Еңбек тәртібі мен жағдайын оңтайландыру, демалу, дұрыс тамақтану, жарықтың түсуін реттеу, көз дәрігеріне жиі қаралып тұру;
• Көзді қысып қарауға болмайды, бұл сырқатты асқындыра түседі;
• Оқыган кезде ортақ жарықтан өзге кітапқа түсіп тұратын жарық та қажет. Теледидарды да қараңғы бөлмеде қарауға болмайды.
Көз жітілігін сақтауға көзге арналған жаттығулар пайдалы:
1-жаттығу. Көзді қатты жұмып, қайта босатыңыз, бірақ қабақты ашпаңыз. Одан соң көзді 10 рет жиі-жиі жыпылықтатыңыз. Енді қабақты қатты таңғалғандай жоғары көтеріңіз, одан соң қабақты түйіңіз. Бұны да 10 рет қайталайсыз.
2-жаттығу. Саусақ ұштары қызғанша алақандарыңызды қатты ысқылаңыз. Көз ұясы шетіндегі самайды саусақ ұштарымен айналдыра ұқалаңыз. Және де оң қол саусақтары сағат тілінің бағыты бойынша, сол жақ қолдың сауқастары сағат тіліне қарсы бағытта қозғалуы тиіс.
3-жаттығу. Терезе алдына тұрып, алыстағы бір затқа караңыз, одан кейін көзді мұрын ұшына бағыттаңыз, сосын қайтадан алыстағы затқа қараңыз. Бірнеше рет қайталаңыз.
4-жаттығу. Көзді жұма отырып көзді баяу айналдырыңыз. Алдымен бір бағытка бес рет толық айналдырыңыз, одан соң екінші жаққа қарай айналдырыңыз. 30 секунд бойы орындаңыз.
5-жаттығу. Қабақты жауып, оларды саусақ ұшымен 30 секунд уқалаңыз.
6-жаттығу. Басты оңға, солға бұрыңыз, жоғары көтеріңіз, төмен иіңіз. Бірнеше рет айналдырыңыз.
7-жаттығу. Үлкен саусақпен көздің айналасындағы, нүктелерді (жоғарыдағы, төмендегі, оң және сол жақтағы) табыңыз да оларды 8 рет тынысты ішке тартып, сыртқа шығару кезінде уқалаңыз. Тынысты сыртқа шығарғанда аздап басыңқырап, ішке тартқанда босатыңыз. Бос саусақтардың ұшы маңдайға тиюі тиіс. Басқа нүктелерді де осылайша уқалаңыз. Одан кейін үлкен саусақтармен самайдың алдыңғы бөлігін ұстап, бүгулі сұқ саусақтармен көз айналасын айналдыра уқалаңыз.
8-жаттығу. Әдемі суретке (мысалы, пейзажға) қараңыз. Көзді 10-20 секундқа жұмыңыз. Оймен сурет ішіне кіріңіз. Суреттің жақтауынан көрінбей тұрған тұстарын елестетіңіз. Сол жерлерде серуендеңіз. Өзіңізге жағымды жер тауып, сонда сәл тоқтаңыз.
Денеңізді босаңсытыңыз. Жақсы демалдыңыз.
Миопияның консервативті емі кешенді түрде жүргізіледі. Бұл үшін әр түрлі оталар, дәрі-дәрмектерқолданылады. Миопиясы бар адамдар ақуызы, дәрумендері мен микроэлементтері мол теңдестірілген тамақ тұтынуы тиіс. Сонымен қатар офтальмолог дәрігер таңдап берген көзілдіріктің немесе жанаспалы линзаның көмегімен көздің жітілігін дұрыс реттеу маңызды. Кемінде жарты жылда бір рет офтольмологиялық нақтамалау жасау - көздің ұзына бойғы өлшемін ультрадыбыспен өлшеу керек. Көз дәрігерінің нұсқауымен жүзу, жаға аумағын уқалау, контрастылы себіл, т.б. шараларды орындау да пайдалы.
Дереккөз: reactor.inform.kz
Е. Жұмабайұлы