- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алмаз Шарман балалар...
Алмаз Шарман балалар "дельта" штамын 5 есе жиі жұқтыра бастағанын айтты
Балалар үнді штамын жұқтыру ықтималдығы бес есе артты. Бұл туралы профессор-иммунолог, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында айтты.
"Біз пандемияның өте маңызды кезеңіне тап келдік. Әлем халқы вакцинацияланып жатқан кезде коронавирус тіршілік ету үшін белсенді түрде мутацияға ұшырай бастады. Мамандар коронавирустың дельта-нұсқасы басқа инфекцияға қарағанда 60 пайызға жылдам жұғатынын айтады. Коронавирустың бұл түрі британиялық, Оңтүстік Африка және басқа түрлерге қарағанда тез жұғады. Сонымен қатар дельта нұсқасын жұқтырғандар ауруханаға тез түседі және өлім қаупі едәуір артты. Мұны қазір Нұр-Сұлтаннан көріп отырмыз. Тағы бір ерекшелігі, балалар дельта коронавирусын жұқтыруы бес есе артты", - дейді Алмаз Шарман.
Алмаз Шарман – медицина профессоры
Ол сонымен қатар Қазақстанда эпидемияға қарсы шараларды күшейту керек деп санайды.
"Қазіргі жағдайда эпидемияға қарсы шараларды жеңілдету сөзсіз вирустың тарауына және осал топтағы адамдардың қазасына әкеледі. Эпидемияға қарсы шараларды жеңілдетуге болмайды, оларды күшейту қажет. Бірақ, ең бастысы, халықтың басым бөлігін тезірек вакциналауымыз керек. Бұл неғұрлым ұзаққа созылса, коронавирустың мутацияға және жұқпалы, агрессивті нұсқаға айналу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Вакцина салдырмаған адамдар вирустың резервуары тәрізді болады. Олар өмір сүру үшін белсенді түрде өзгеріске ұшырайды", - деді Алмаз Шарман.
Бұған дейін Алмаз Шарман жаңа үнді штамы және одан қалай қорғану керегі туралы айтқан болатын.
Үнді штамының басты белгілері мынадай:
– диарея (іш ауруы);
– есту қабілеті нашарлауы;
– асқазан ауыруы;
– қан ұйып, гангренаға ұласуы.
Айта кетейік, COVID-19 үнді мутациясы наурыз айында анықталды. Үндістанның Денсаулық сақтау министрлігі сол кезде бірқатар штаттарда штамдардың пайда болуы мен вирустың таралуы арасында байланыс орнататын мәліметтер аз болғанын айтты. Кейіннен коронавирустың бұл нұсқасы әр түрлі елдерде, соның ішінде Қазақстанда да табылды. Бүгін Алматы қаласында бір тәулік ішінде 36 адамнан үнді штамы анықталғаны белгілі болды.
Т. Раушанұлы