- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алматыда ғалымдар қартаюды...
Алматыда ғалымдар қартаюды баяулататын дәрі ойлап тапты
Алматыда ғалымдар тобы қартаюды баяулататын дәрі ойлап тапты. Бұл - еліміздегі ғылыми тұрғыдан негізделген, рәсімделген жалғыз препарат.
Жаңа бірегей жоба туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне ғалымдар тобының мүшесі, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ғылым, халықаралық қатынастар, кәсіби медициналық мамандарды даярлау департаментінің директоры Алма Мәншәріпова айтып берді.
«Ювелакс» майлы бальзамы антиоксиданттық қасиеттерімен белгілі шикізаттар: қалақай, асқабақ, пальма, бидай, бүрген дәндерінен жасалған.
Дәрмек жасушалар мен тіндердің зақымдануын азайтып, қайта қалпына келуін, еркін радикалды реакциялардың теңдігін қамтамасыз етеді. Ағзадағы май алмасуын реттейді.
Алма Мәншәріпованың айтуынша, ғылыми жұмыс 2009 жылдан бері жалғасып келеді. Жаңа дәрмек бірқатар сараптаулар мен тексеруден сәтті өтіп, өндірушілер ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің рұқсатын алды. Енді оны Кедендік одақ аясында өндіріп сатуға заң рұқсат етіп отыр.
«Біз ғалым ретінде егде жастағы адамдарға қолжетімді қандай өнім ұсына алатынымызды ойластырдық. Біз қазақстандықтардың барлығына пайда келтіретін дүние жасауды ұйғардық. «Ювелакс» дәрі емес, ол жай ғана биологиялық белсенді қосынды», - деді профессор.
Жаңа өнім халық арасында сұранысқа ие болды. Өткен жылдың өзінде құны 700-800 теңге болатын 1500 құты сатылды. Қазір ғалымдар ғылыми-клиникалық зерттеу жұмыстарынан өндіріске бет алды. Болашақта өнімнің құнын одан да төмендету жоспарда бар.
Сурет: pinterest.com
Н. Айдархан