- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алматы облысының үздік...
Алматы облысының үздік дәрігеріне автокөлік берілді
Бүгін Талдықорған қаласында денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Жиында жылдың үздік дәрігеріне жеңіл автокөлік сыйға тартылды, –деп хабарлайды Baq.kz порталы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның ашылу рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев құттықтау сөз сөйлеп, дәрігерлер қауымын мерекелерімен құттықтады.
- Дәрігер – әлемдегі ардақты да қастерлі мамандықтардың бірі. Оның адам өмірі мен денсаулығына қосар үлесі зор. Сондықтан да халқымыз дәрігерді абзал жанға балап, денсаулық сақшысы атаған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында халық денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударуда. Осы орайда Елбасымыздың «100 нақты қадам» ұлттық жоспары медицина саласының дамуына жаңа серпін беретін болады. Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан шын жүректен құттықтаймын, - деп қортындылады сөзін М.Бигелдиев.
Салтанатты шара барысында медицина саласының майталман мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар, «Үздік медициналық пункт», «Үздік ауылдық, аудандық амбулатория», «Үздік мейірбике» және т.б. барлығы 8 номинация бойынша ақ халатты абзал жандарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Аталған номинациялардың ішінде «Үздік жыл дәрігері» атағын Талдықорған туберкулез диспансерінің хирург-дәрігері Матбаев Ахатбек иеленіп, оған «Nissan Almera» жеңіл автокөлігінің кілті табыс етілді.
Медицина қызметкерлерін құттықтау шарасы концерттік бағдарламаға ұласты.
Атап өтетін болсақ, биылғы жылы облыс көлемінде 19 медициналық нысан бой көтеруде, оның ішінде Талдықорған қаласында 300 төсектік көпсалалы аурухана мен Көксу ауданы Балпық би ауылында 250 адамды қабылдайтын емхана бар. 8 емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 6 медициналық пункт жұмыс істеуде (Алакөл, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласында). Жас мамандарды жұмысқа тарту, оларды қолдау мақсатында пәтер беру, тұрғын үй салуға жер телімдерін бөлу, басқа да көмек түрлері көрсетілуде. Өткен жылдың өзінде жұмысқа орналасқан 101 жас маманның 32-не жеке пәтер, 46-сына жер телімі берілді. Биылғы жылы медициналық жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасалып, 120 жас маман жұмысқа тартылып отыр.