Алматы дәрігерлері жүрекке ота жасады

Алматы дәрігерлері жүрекке ота жасады
Фото: massaget.kz

Жүрекке қан тасымалдайтын тамырдың қысылып қалу салдарынан адам инфаркт алады. Ал инфаркттың алдын алу үшін дәрігерлер ота  жасау арқылы қысылып, жіңішкере бастаған жүрек қан тамырларына тірек қойып, тамырды қайтадан кеңейтіп, өз пішініне келтіреді. Қысылған тамырдың ішкі бөлігіне тірек қою арқылы ота жасау XX ғасырдың 80-жылдарында пайда болған. Сол кезеңнен қазіргі уақытқа дейін тамырдың ішкі бөлігіне қойылатын тірек металдан жасалды. Ал қан тамырының ішіндегі бұл метал науқасты инфаркттан сақтағанымен, бірнеше жыл өте созылмалы қабынуларға, тамырдың бітеліп қалуына әкеледі. Осы мәселені шешу үшін Biotronik компаниясы тіректің жаңа түрін шығарды. Ал енді айтпағымыз, осы тіреуіштер 8 ақпан күні Қазақстанда қолданылды. Журналистерге ота жасау процесін көруге мүмкіндік берілгендіктен massaget.kz тілшісі де бұл шарадан тыс қалмады.

Отаны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының білікті хирургтары жасады. Мамандарға ота кезінде кедергі келтірмес үшін негізгі жұмыс аяқталғаннан кейін хирург Бекзат Байгубековтен операция жұмыстарының қалай жүргенін толық сұрап алдық.

– Жаңа тіреуіштің артықшылығы қандай?

– Германияның Biotronik компаниясы Magmaris атты магний қорытпаларынан жасалған бірегей тіреуішті қолданысқа енгізді. Оның артықшылығы – ол осыған дейін қолданылған тіреуіштер сияқты адамның ішкі құрылысында мәңгі сақталмайды. Небәрі, 12 айдың ішінде магний қорытпасынан дайындалған құрал толыққанды еріп, қан құрамына сіңіп кетеді. Ал жіңішкерген тамыр осы 12 айдың ішінде қайтадан өз пішініне оңай келеді. Науқас та ота жасалған күннен кейін 3-4 тәулік өте өз қалпына келеді. Бағасы – шамамен 600 мың теңге.

– Науқас қандай аурудан зардап шеккен?

– Қазір операция бөлмесіне кіргелі жатқан науқас – 62 жастағы ер адам. Бірнеше жылдан бері жүректің ишемиялық ауруынан зардап шегіп, жергілікті мекен-жайы бойынша кардиологта диспансерлік есепте тұрған. Бүгін мемлекеттік квота бойынша операцияға кіргелі тұр. Операцияны білікті кардиохирург Алексей Колесников жасайды.

– Ота қандай тәсілмен жасалады?

– Жаңа тіректі операция кезінде кеудені кеспей, білектегі артерия тамыры арқылы жібереміз. Ары қарай рентгеноскопия тәсілі арқылы рентгеноскоп құрылғысымен тамырға енген тіректі жүрек қан тамырларына апарамыз. Экраннан жіңішкерген қан тамырын тауып, сол орынға тіректі орналастырамыз.

– Бұл отаны жасату үшін науқасқа қанша қаржы керек?

– Жүрек ауруларынан зардап шегетін қазақстандықтар көп. Біздің ауруханада бір күнде дәл осындай 8-9 операция жасалады. Науқас мемлекеттік квота бойынша қаралатындықтан операцияның барлық шығынын мемлекет бюджеттен төлейді.

– Операция қалай аяқталды?

– Операция барлығы 40 минутқа созылып, нәтижесінде сәтті аяқталды. Ешқандай оқыс әрекеттер орын алған жоқ. Науқас операциядан шыққаннан кейін 1 күн реанимация бөлімінде жатады. 2-3 күн палатада, одан кейін үйден ем қабылдауына рұқсат беріледі.

– Барлық сұраққа түсінікті әрі нақты жауап бергеніңіз үшін рақмет!

Оқырман назарына камера объективіне іліккен тағы бірнеше кадрды ұсынамыз!






А. Қажиев