Мұрыннан қану кету дегеніміз – мұрын қуысындағы қан тамырының жарылуы, содан аққан қан. Оның түрлі себебі бар. Оларды уақытша және жалпы себеп деп екіге бөлуге болады.
Уақытша немесе мұрын қуысының жаралануынан болатын себептер келесідей:
- Мұрын сыну
- Мұрынның жаралануы
- Мұрында жара шығу
- Мұрындағы қан тамырларға қан толу (ринит, аденоид, синусит)
Ал жалпы сипаттағы себептерге мыналар әсер етеді:
- Жүрек-қан тамыры аурулары (гипортения, жүрек кемістігі, жоғары қан қысымы, атеросклероз)
- Қанның ұюы, қан жүйесі аурулары, гиповитаминоз не авитаминоз, геморрагиялық диатез
- Жұқпалы ауру кезінде көтерілген дене қызуы, күн өту, ыстық өту;
- Гормон бөлінісінің бұзылуы
Мұрыннан қан кеткенде, себебін анықтау аса қиын емес. Егер қанды өз қолымен тоқтата алмаса, онда бірден дәрігерге қаралғаны жөн. Өйткені адам қансырап қалуы мүмкін. Дәрігер пациенттің саусағынан қан алып, клиникалық талдау жасайды. Қан қысымын өлшейді. Содан қан ағудың диагностикасын аз уақытта анықтауға болады.
Мұрыннан қан кеткенде жасалатын алғашқы көмек
Ең алдымен адамды отырғызып, алдыға қарай шамалы еңкейту керек. Мұрыны сынбаған не басқа да бір жара белгілері байқалмаса, онда мұрынды сырттан бас және сұқ саусақпен қысып, 3-5 минут ұстаған жөн.
Мұрынмен емес, ауызбен тыныс алғаны абзал.
Қанды тоқтатудың ең оңай жолы – 3%-дық сутегі перексидімен немесе суық сумен марлы не мақтаны дымдап танауды тығындау. Ал мұрынның сыртына мұз немесе суық сумен суланған матаны басса болады. Сөйтіп 10-20 минуттай ұстау қажет.
Бұл жерде ескеретін бір нәрсе – қан жұтқыншаққа қарай кетіп қалмауы керек. Оны білу үшін жай түкірудің өзі жеткілікті. Егер қан түкірсе, онда ол ішке кетпес үшін еңкейіп отыру қажет.
Мұрыннан қан кеткен адамды жатқызу не басын шалқалатуға болмайды. Қан өңешке кетіп, жүрек айнуы мүмкін.
Егер қанды тоқтата алмасаңыз, онда жедел жәрдемге хабарласу қажет.