- Негізгі бет
- Денсаулық
- Алакөл суының емдік...
Алакөл суының емдік қасиеті
Елімізде емдік қасиетімен танылған көлдер мен жер асты сулары көп. Солардың арасында ең ірісі әрі туристердің көзайымына айналғаны - Алакөл. Оңтүстік-шығыс өңірде орналасқан бұл көлдің қандай емдік қасиеті бар?
Заманауи медицинаға сенсек, Алакөлдің суына емдік қасиет беретін – саз-балшық пен тұзды су. Балшық буын мен тері ауруларына, радикулит пен дене жарақатын жазуға ем. Саздың құрамында кремний көп, иммунитетті күшейтуге қабілетті.
Көлдің солтүстік-шығыс жағының суы тұзды. Құрамында хлор мен натрий тұздары, хлорлы натрий сульфаты, фтор мен бром көп. Судың мұндай қасиеті адамның жүйке жүйесін тыныштандыру мен тері ауруларын жазуға жақсы. Алакөлдің суы жазда жылы, +27-28С.
2018 жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен Томск курортология және физиотерапея зерттеу институтының ғалымдары Алакөлдің суын зерттеп, құрамында радон қоспасының мол екенін анықтады. Радон суының мұндай құрамы дерматология, гинекология, эндокриндік жүйе ауруларына, асқазан-ішек жолы, арқа мен бел ауруларына ем.
Алакөлдің балшығы мына ауруларды емдеп, жазуға көмектеседі:
- Буын мен бел және арқа ауруларының алдын алуға;
- Остеохандроз;
- Кардиосклероз;
- Созылмалы тромбофлебит;
- Әйел жыныс мүшелері ауруы;
- Тері аурулары (экзема, нейродермит);
- Орталық жүйке жүйесі аурулары (радикулит, вегетоневроз, жүйке жүйенің жұқаруы, невроз);
- Минерал мен дәрумен жетіспеушілігін толтырады.
Алакөлдің шипалық қасиеті ертеден белгілі. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолымен жүрген керуен Алакөлдің бойына арнайы тоқтап, демалатын болған. Саяхат шегушілердің көбі сол кезде Алакөлдің суы ерекше екенін, оған шомылған, суын ішкендердің тез күш жинайтынын байқаған.
Шыңғыс хан мен Абылай хан әскері де, қазақ-жоңғар соғысы кезінде қазақ сарбаздары да осы Алакөлге келіп, ем алып, жарақаты мен жарасын жазатын болған.
Кеңес одағы кезінде ғарышқа ұшқан ғарышкерлер жерге оралған соң, Алакөлге келіп сауығады екен. Алакөлдің суы ғарыш радиациясын жоюға көмектеседі.
Алакөл – ауданы жағынан елде Каспийден кейінгі ірі су айдыны. Көлге 15 өзен су құяды: Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Ырғайты, Жаманөткел, Тасты, Ұялы, Сасықкөл, Жалаңашкөл және тағы басқалары.
Көлдің ауданы – 2696 шаршы шақырым. Ұзындығы – 104 шақырым, ал ені – 52 шақырым. Жағалауының ұзындығы – 348 км. Орташа тереңдігі – 22 метр, ең терең жері – 54 метр.
Қ. Слямбек