ХХІ ғасырдың осы онжылдығы медицина үшін нағыз жетістігі мол кезең болды. Ендеше осы 10 жылда медицинада қандай ірі жетістік болды екен, соны қарастырайық.
Сары ауруды жазатын дәрі жасалды
С гепатиті – рак сынды қауіпті сырқат. Рак дейтін себебіміз сары ауру да қатерлі ісік сияқты адамды білінбей, білдіртпей алады. Соңы бауыр рагы мен циррозға әкелуі мүмкін. Мұндайда тым кеш. Әлемдік статдерекке жүгінсек, әрбір 12-ші адамда сары аурудың өзі не белгілері байқалатын көрінеді. Көбіміз мұны сезбейміз де.
Сан ғасыр сары ауруға төтеп бере алмаған медицина соңғы екі жылда біршама жетістікке қол жеткізді. Бұрын жылдап емделе алмай жүрген науқасты енді бір антивирустық препаратпен толық емдеп шығуға болады. Әрі жанама әсері болмайды.
СПИД-ті емдейтін дәрілер жасалды
ВИЧ инфекциясы немесе СПИД ауруы – сөзсіз қазіргі ғасырдың ең қауіпті дерті. Осы 20 жылдың ішінде бұдан 40 миллионға жуық адам көз жұмды. Көбі дұрыс ем-дом болмағаннан қайтыс болды. Бірақ ғалымдар бұған жол бермеуге бел буды. Жанкешті зерттеулердің арқасында ВИЧ-инфекциясын тоқтатудың жолын тапты. Егер бұл инфекцияға шалдыққан науқасқа дұрыс ем жасалса, жөнді дәрі-дәрмек қолданылса, адам қатарына қосылу мүмкіндігі басым. Талай науқас сауығып кетті, дүниеге дені сау балалар әкелді.
Бұрын өткір, қауіпті саналатын ауруды қазір жеңудің жолы баршылық. Асқындырып алмаудың амалы көп. Ондаған дәрі тобы жасалып, СПИД-ті таратпаудың, жұқтырмаудың жолдары табылды.
Генетикалық тест
Медицинада ДНК ұғымы бұрында пайда болғанымен, клиникалық медицинада қолданыла қоймады. Бірақ қазір генетиканың қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен жеке-дара емдеу үшін таптырмас құрал болып отыр.
Қазір дәрігерлер науқастың қатерлі ісігін генетикалық өзгеріске қарап анықтап, соған бағытталған нақты терапия жүргізеді. Соның арқасында дәрігерлер науқасқа қажет дәрі мен терапия түрін нақты анықтай алатын мүмкіндікке жетті.
Иммунотерапия мен биологиялық терапия
Қатерлі ісік – ғасыр дерті. Бүкіл медицина қазір соны емдеуге жұмылып жатыр. Соңғы онжылдықта пайда болған ракты емдеудің қос тәсілі – иммунотерапия мен биологиялық терапия мүмкіндігі мол әдіске айналды.
Иммунотерапия қатерлі ісікке қарсы адам иммунитетінің өзін белсенді етеді. Бұл тәсіл жасырын рак клеткаларының өзін анықтауға көмектеседі.
Ал биологиялық терапия жоғарыда айтылған генетикалық тестілеу әдісі арқылы табылған қатерлі ісікке арнайы препарат қолдануды көздейді. Химия терапия сияқты бүкіл ағзаны улаудан аулақ.
Геномды өзгерту
Жоғарыда байқағанымыздай, осы онжылдықта қол жеткен медициналық жетістіктің көбі – генетика мен иммунология саласынан екен.
Бұл салада қол жеткізген тағы бір жаңалық – бұл геномды өзгерту. Яғни, ауруға шалдыққан адамның иммунды жүйесіне қозғау салу арқылы ағзаның өзін-өзі емдеу механизмін іске қосу.
Адам ағзасы – нағыз бағдарлама. Қауіп төнгсе, өз-өзін қорғай алады. Ауырса, жаза алады. Дәл осы механизм бұзылса, адамның ағзасы өзін-өзі емдей алмай, ауруға душар болады. Ал генетика ағзада жатқан осы түйсікті іске қосады.