Адам көңіл-күйінің денсаулыққа әсері

Адам көңіл-күйінің денсаулыққа әсері
Фото: Soy Carmín

Сіздің ойыңыз денсаулығыңызға шабуыл жасай алатынынан хабарыңыз бар ма? Денсаулықтың салауатты өмір салтымен, генетикамен және ағзадағы ауытқушылықпен байланысы барын білеміз. Алайда ішкі ағза мен көңіл-күйдің арасында біз біле бермейтін қандай байланыс бар? Көңіл-күйіңді бірқалыпты ұстаудың пайдасы ұшан-теңіз. Эмоциясын басқара алатын адамның жетістікке жылдам жететінін ғалымдар дәлелдеген. Олар психологиялық тұрғыдан сізді және қоршаған ортаны зерттей білетіндер. Ал эмоциясын тежей алмайтындар ше?

Отбасы жағдайлары, жұ­мыс­тан қуылу, қаржылық қиын­дықтар және жақын адам­ның қайтыс болуы пси­хологиялық күйімізге қатты әсер етеді. Мұның да денсау­лыққа төндірер қаупі бар. Жалпы, бәріміз күн сайын түрлі көңіл-күйді бастан өт­кереміз. Ашулану, қызғаныш, қобалжу, шектен тыс қуану, қорқыныш, күйзеліс, күмән­дану, жек көру және тағы басқалары ағзаға түрліше әсер етеді. Көңіл күйдің денсау­лыққа кері әсері төмендегідей.

Ашулану

Ашу – адамның ырқына бағына бермейтін күш. Нәти­жесі сізге моральдық қиындық пен жағымсыз көңіл-күй сый­лайды. Ашуды ақылға жеңдіре білу – денсаулыққа пайдалы. Алайда көбіне ашуланудың арты ауруға душар етеді. Атап айтқанда, жүрек қан-тамыр ауруларының пайда болуына жол ашады. Сонымен қатар ашу адамның логикалық ойлау қабілетін тежейді. Ашулану қан тамырла­рының тарылуына, жүрек со­ғысының жылдамдығына, қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады. Ғылыми деректерге сүйенсек, ашуланғанда инфаркт алу мүмкіндігі 8 есеге дейін ұлғаяды екен.

Сонымен қатар ашулану артрит, қант диабеті және қатерлі ісік ауруларын асқын­дыратын цитокиндердің өршу деңгейін жоғарылатады. Ашуды тежеу үшін күн­делікті режиміңізді өзгертіңіз. Көбірек спортпен шұғыл­даныңыз. Ашу ырқыңызға ба­ғынбаса, психолог маман­ның қабылдауына жазылға­ныңыз жөн.

Мазасыздық

Жиі мазасыздану денсау­лығыңызға кері әсерін тигізеді. Алаңдау көкбауыр мен асқа­занның жұмысын төмендетеді. Сіз алаңдаған кезде, денеңізде химиялық реакция жүреді. Нәтижесінде, жайсыздықты сезесіз әрі асқазаныңыз сыр береді. Алаңдау мен мазасыздық диарея, жүрек айнуы және басқа да созылмалы ауру ту­дыруы мүмкін. Шектен тыс мазасыздану қан қысымының көтерілуіне, иммунитеттің төмендеуіне және ерте қар­таюға әкеледі. Сондай-ақ ұй­қыңыз бұзылып, дел-сал күйге түсуіңіз ғажап емес.

Қайғыру

Адам көңіл-күйінің тезге түс­пейтін түрі – қайғыру. Бұл эмоция түрімен ұзаққа дейін күрес жүргізесіз. Дәрігерлер адамзатты қайғыға салынбауға шақырады. Себебі, мұңаюдың өзіңіз ойлағаннан да көп зар­дабы бар. Қайғы мен мұң өкпе жұ­мысын нашарлатады. Тез шар­шауды тудырады әрі тыныс алуды қиындатады. Тыныс алудың табиғи жолын бітеп, өкпе мен бронхқа күш түсіреді. Сіз қайғыға берілсеңіз, ауаның өкпеге жету жолы тарылады. Бұл астма мен бронх аурула­рына әкелуі мүмкін. Депрессия мен меланхолия кезінде іш қатады, қандағы оттегінің деңгейі төмендейді және теріні бұзады. Күйзеліске (депрес­сияға) түскендерде баланс жо­ға­лады. Жылдам салмақ қо­суыңыз немесе арықтауыңыз мүмкін. Қайғырсаңыз, өз-өзіңізді тежеудің қажеті жоқ, жылап алыңыз. Мұндай көңіл-күйде ең дұрыс шешім осы.

Күйзеліс

Әрбір адам күйзеліске әр­түрлі жолмен төтеп береді. Кейде күйзеліс күнделікті шаруа­ларды шешуге және денсаулыққа пайдалы. Алайда күйзеліске жиі ұшы­расаңыз, қан қысымының жоғарылауы, астма, асқазан жарасы және ішектің тітіркену синдромы пайда болады. Күйзеліс кезінде жүрек ау­ру­ларының пайда болу көр­сеткіштері жоғарылайды. Қан қысымын және қандағы хо­лестерин деңгейін артты­рады. Сонымен қатар зиянды әдетке тез-ақ үйреніп кетесіз. Физикалық белсенділіктің төмендеуі, шы­лым шегу және тамақтану режимі бұ­зы­лады. Бұдан басқа ауруларға да кезігіп қалуыңыз мүмкін. Мәселен, шаштың түсуі, дененің құрғауы және ауыздың айналасындағы бөртпелер, психологиялық пробле­малар: ұйқысыздық, жай­сыздық, бас ауруы, гипертония және жүрек қан-тамыр аурулары, иық пен мойын тұсын ауырсыну, жүйке тіндерінің және арқаның ауруы, терідегі бөртпе, псориаз және экзема.

Қорқыныш

Қорқыныш бүйрек пен реп­ро­дуктивті жүйенің жұмы­сын бұзады. Қорқыныш туды­ратын жағдаяттар денені қорғануға әзірлеп, ағзадағы энергия ағымын сарқиды. Бұл тыныс алуды жиілетіп, қан айналымын баяулатады. Зәр шығаруды жиілетіп, бүйрекке күш түсіреді. Сондай-ақ қорқыныш бүй­рекүсті бездерінің ағзаға зиян­ды күйзеліс гормондарын бө­луді қамтамасыз етеді. Қатты қорқу бүйрекүсті безінің, бүй­рек­тің және төменгі ішек ау­руын, зәр шығару жолдары ауруларын тудыруы мүмкін. Қорқыныш әсіресе, балаларға қауіпті. Аталған эмоция бала­ларда жайсыздық тудырып, өзіне деген сенімділіктен айырады.

Есеңгіреу

Шок, яғни есеңгіреу – күт­пеген жағдайдан туындайтын жарақат. Кенеттен болған жағдайлар ағзадағы балансты бұзып, күйзеліс пен қорқыныш тудыруы мүмкін. Оның сіздің денсаулығыңызға, әсіресе бүйрек пен жүрекке зияны бар. Шок кезіндегі реакция адреналлин бөледі. Бұл жү­ректің жиі соғуына, ұйқы­сыздық пен мазасыздыққа ұла­сады. Тіпті ми жұмысына да әсер етеді.

Тітіркену және жек көру

Жек көру мен тітіркену ішек жұмысына, кеуде ауыр­сынуына, жүрек соғысының жиілеуіне әкеп соқтырады. Бұл қан қысымының көтері­луіне әкеледі. Жиі тітіркенетін адамның терісі қартаюға бейім болады. Тітіркену бауыр жұмысына тікелей әсер етеді. Егер адам біреуді жек көрсе, ағзада бауыр мен өттің қабынуына әкелетін молекулалар бөлінеді екен.

Қызғаныш

Қызғаныш тікелей миға, бауырға және өт жұмысына әсер етеді. Сондай-ақ ойлау қабілетін бәсеңдетіп, көру қабілетін нашарлатады. Сонымен қатар қызғаныш үрейге, күйзеліске, иммундық жүйенің әлсіреуіне, өттің қабынуына, қан қысымының көтерілуіне, ас қорытудың бұзылуына, ұйқысыздыққа жеткізеді. Бұдан бөлек, денсаулыққа қобалжудың да кері әсері бар. Қобалжу асқазан ауруына, өт жолының бұзылуына, көк­бауырға зиянды. Шектен тыс қобалжу тұқым қуалайтын ауру­ларды өршітуі мүмкін.

Қай жағынан алып қарасақ та, көңіл-күй денсаулықпен тікелей байланысты. Оның ішінде жүрекке әсері күшті. Жыл сайын әлемде 17 млн адам жүрек ауруынан көз жұмады. Сондықтан эмоцияны тежей біліп, көңіл-күйді бірқалыпта ұстауды үйренейік. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жастардың арасында жүрек аурулары жиілеп кеткен. Бұған қоршаған орта мен қимылсыз қоғам дәлел бола алады. Сол себепті, бос уақытты тиімді пайдалану керек. Серуендеп, дене еңбегімен айналысып, күнделікті физикалық белсенділікті бір арнаға түсіру қажет. Күннің көп бөлігін смартфонға емес, жүректі бақылауға арнаңыз. Бір мезет цифрлы әлемнен шығып, денсаулық деген қымбат қазынаны қорғауға күш жұмсаңыз!

О. Сансызбай