Ыстық күнде тамаққа зауқың соқпаса: Жазғы рацион

Жаз D дәруменінің көзі мен демалыс мезгілі ғана емес, бұл ағзаға айтарлықтай ауыртпалық түсетін кез. Олай дейтін себебіміз, күн ыстықта ағзаның ісінуі, ас қорытудың баяулауы және жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі өзгерістер жиі байқалады. Аптап әсерінен терідегі қан айналымы күшейеді. Ал ағза дене қызып кетпес үшін қалыпты температураны сақтау мақсатында «энергия үнемдейді».

Ыстық ауа райында адамның тәбеті төмендеп, белсенділігі азайып, зат алмасу процестерінің баяулауы заңды құбылыс. Мұны бәрі сезінеді. Мұндай күйді бәрі кешеді, алайда ағзаға көмек беру жолында рацион өзгерту орнына, тамақты сумен алмастырып, тек сұйықтық ішу арқылы иммунитетті әлсіретіп алады.

Дәл бүгінгідей ыстық күні рационның маусымдық принципін ұстаныңыз және ауа райына сәйкес диетаға отырыңыз. Дененің қажеттіліктерін сезіну, ыстықта табиғи түрде баяулайтын қорыту жүйесіне бейімделу арқылы сіз денсаулығыңызды сақтай аласыз. Мұндай кезде аз мөлшерде жиі тамақтанып, жеңіл тағамдарға бет бұрыңыз.

Жазда температураның жоғарылауы күнделікті рационды қайта қарастыруға маңызды себеп бола алады. Оған алып-қосар бірқатар өнімдер тізімі төмендегідей: 

Су және тұз

Ағзадағы сұйықтық пен тұз балансын сақтау үшін осы аталған екі игредиенттің маңызы зор. Су бөлме температурасында немесе сәл салқындатылған болуы керек, бірақ ешқашан мұздай су ішпеңіз. Қарапайым су ішуден жалықсаңыз, бір-екі түйір жалбыз қосыңыз. Аптапта рационға міндетті түрде теңіз тұзын, гималай немесе қызғылт түсті тұзды қосыңыз. 

Жидектер

Маусымдық жидектерді күнделікті тұтыну керек. Жидектерді тіскебасар ретінде жеңіз немесе салқын сергіткіш смузи жасаңыз. Күнделікті мөлшер 300-400 г құрауы тиіс, ал олардың қайсысын тұтыну өз қалауыңызға байланысты. Бірақ мысалы шиеге іш кебу секілді реакция болатын болса, оны тұтынбағаныңыз абзал. Сонымен қатар, ашық қызыл түсті жидектерден сақ болыңыз, өйткені олар қанды сұйылту қасиетіне ие. Ең дұрысы, әрине, қарбыз.

Көкөністер мен шөптер

Жазда негізгі рационыңызға күніне кем дегенде 400 г көкөніс пен 50 г жасыл шөп қосыңыз. Олар минералдарға бай келеді.

Өсімдік майлары

Жазда тазартылмаған зәйтүн майы, жаңғақ майы, авокадо майы және авокадоның өзін тұтынған өте пайдалы. 

Жазда қызыл ет, алкоголь, кофеині бар сусындар, құрамында глютен бар тағамдар, ащы дәмдеуіштер (зімбір, паприка, чили, куркума), кокос майы сынды кейбір өнімдерді пайдалануды азайтып, оны рационнан мүлдем алып тастаған дұрыс

Таңғы ас, түскі ас және кешкі ас

Егер сіз күнді сергек бастағыңыз келсе, алғашқы таңғы асқа жидектерден боул жасаңыз немесе көкөністер мен жемістерден смузи дайындаңыз. Әдетте таңғы асқа пісірілетін ботқалар мен жұмыртқа жазғы маусымда міндетті емес. Бірақ 09:00-ден кейін екінші таңғы ас ішіңіз немесе бранч жасаңыз.

Түскі асқа келетін болсақ, көлеңкеде ауа температурасы +30 болғанда, ыстық тамақ ішуден бас тартқыңыз келуі әбден мүмкін, бірақ олай жасамаңыз. Түскі асты міндетті түрде қабылдау керек. Киноа мен түрлі дәмдеуіш шөптер қосылған салат жасаңыз немесе көкөніс таяқшалары хумусқа батырып жеп көрсеңіз, сізге ұнауы керек. Наннан тост жасап, үстіне авокадо жағып жеңіз, тұз себуді ұмытпаңыз.

Ақуызды тек кешкі ас кезінде жеген жақсы. Бірақ егер сіз спортпен айналысатын болсаңыз, не бала емізсеңіз, не аяғыңыз ауыр болса, бұл ақуызға деген қажеттілікті арттырады, сондықтан сіз таңғы асқа жұмыртқа пісіріп жеп, түскі асқа тұтынатын салаттарға балық немесе ірімшік қосыңыз.