- Негізгі бет
- Денсаулық
- 24 наурыз –Дүниежүзілік...
24 наурыз –Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні
Жыл сайын 24 наурыз күні бүкіл әлем туберкулезге қарсы күнді атап өтеді. Елімізде де құрт ауруына қарсы атаулы күн ескерусіз қалмай, жыл сайын аталып өтіледі. Әр аймақтағы туберкулез орталықтарында құрт ауруымен қалай күресу керек екендігі түсіндіріледі, дергілікті адамдардан туберкулез ауруы туралы сауалнамалар алынады.
Биылғы атаулы күнге орай 19 наурыз күні Алматы қаласында “Туберкулезге қарсы күреске өз үлесіңді қосар уақыт келді” атты республикалық семинар өтті. Аталған семинарға халықаралық және үкіметтік ұйым емес мүшелдері, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармаларының туберкулез мәселелерін қадағалайтын мамандары мен қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдері қатысты.
Құрт ауруының алдын алу және онымен күресуді насихаттайтын аталған іс-шараға Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы, ЖИТС, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, сондай-ақ Безгек және туберкулезге қарсы күрес жөніндегі ғаламдық қор және Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы ұйымдары ат салысты.
Аталмыш семинарда ҚДСҰО Инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов: "Еліміздегі кез келген азамат жыл сайын медициналық тексеруден өту арқылы өзі және өзінен бөлек жақын-жуықтарының да құрт ауруымен ауруының алдын алады. Бұл күннің маңыздылығы құрт ауруы бүкіл әлемге ортақ мәселе", – деді.
Шынында да әлемдегі барлық елде, әсіресе дамушы, экономикасы төмен елдерде бұл жұқпалы ауру белгілері көптеп кездеседі. Аурудың негізгі тасымалдаушысы күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттар болып табылады.
Әлемде бұл аурудан жылына 2 миллионға жуық адам қаза табады (соның жартысына жуығы әйелдер). Сарапшылардың мәліметінше, алдағы 20 жылда туберкулезбен 200 миллиондай адам ауырып, оның 70 миллиондайы қаза табуы мүмкін екен. Дамушы елдер қатарында болған елімізде де туберкулезбен ауырып көз жұматындар баршылық. 2018 жылғы статистика бойынша құрт ауруымен ауыратындар мен қайтыс болатындар саны соңғы 10 жылда біршама азайған нақтырағы 5,4 есеге қысқарған. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында хабарлаған болатын.
Ал, бүгінгі семинарда Мәлік Аденов Қазақстанда эпидемиялық жағдай жақсарып келе жатқандығын, соңғы 10 жылда құрт ауруымен сырқаттанушылар 2,2 есеге, көз жұматындар саны 5,4 есеге қысқарғанын, мұның бәрі соңғы уақыттағы медициналық техникалардың, диагностикалық аппараттардың дамығандығының арқасы екендігін тағы да бір атап өтті.
Бұдан бөлек семинарда ДДСҰ өзінің “EndTB” стратегиасында 2035 жылға дейін осы аурумен болатны сырқаттанушылықты 90 пайызға, ал өлімді 95 пайызға қысөартуды өз алдына міндеттеді.
Аталмыш семинарда БҰҰ-ның 2022 жылға дейінгі кезеңге арналған туберкулезге қарсы күрес жөнінде жоғары деңгейдегі отырысының міндеттемелері мен туберкулез ошақтарындағы балалар арасында эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру ерекшеліктері айтылды. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай, зертханалық диагностиканың заманауи әдістері; туберкулез жағдайларын тіркеу, жүргізу және бақылау проблемаларын шешу жөнінде жаңа тәсілдер; медициналық-санитариялық алғашқы көмек интеграциясы шеңберінде фтизиатрлардың жұмысы және т.б мәселелер мамандар отырысында талқыланды.
Т. Раушанұлы