«Қайрат» - «Бордо» кездесуінің билеттері 3 есе қымбат сатылып жатыр
Футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» пен «Бордо» (Франция) қарымта кездесуінің билеттері 3 есе қымбатқа сатылуда. 27 тамыз күні Алматыда өтетін ойынның көп билеттері алыпсатарлардың қолында жүр.
Биыл еліміздің футбол клубтары УЕФА аясында өткізіліп жатқан додаларда жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын білесіздер. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда елордалық «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының, ал алматылық «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңдеріне дейін жетіп отыр. Осы ретте халық тарапынан отандық клубтардың ойынына деген қызығушылықтың арта түскенін айтпасқа болмайды. Дегенмен ол қызығушылықты тежейтін факторлардың азаймай жатқаны бізді қынжылтады. Солардың бірі – алыпсатарлар. Олар кассадан билетті сатылымға шықпай жатып арзан бағаға сатып алып, артынша халыққа екі-үш есе қымбат бағаға сататын жандар. Алыпсатарлардың бұл қылығынан ең бірінші зардап шегетін футболсүйер қауым, артынша онсыз да ақсаңдап келе жатқан қазақ футболы. Бүгін Массагет тілшілері Алматының "Орталық" стадионының маңына арнайы шолу жасап, алыпсатарлармен сөйлесіп қайтты. Олар билетті қаншаға сатып жатыр? Кімнің қарауында жұмыс істейді? Олардың саны нешеу? Осы және басқада қызықты ақпаратты видеодан көре отырыңыздар.