Аршавиннің "Тараз" қақпасына соққан голы шетелдік басылымдарды таңғалдырды
Қазақстан премьер-лигасының XXII туры аясында өткен "Қайрат" пен "Тараз" клубтары арасындағы ойында алматылықтар сапынан нәтижелі соққы жасап, өз командасын алға жетелеген ойыншы Андрей Аршавиннің голы шетелдік басылымдарды таңғалдырды. Тіпті, ойыншыны Ресей ұлттық құрамасына қайта шақыру керектігін айтқан журналистер де табылды. Мысалы, "Новые известия" басылымы арнайы мақалаға "Аршавин Қазақстанда Марадонаның стиліндегі супергол соқты",– деген атау берсе, "Спорт уик-энд" "Аршавин таңғалдыруын тоқтатар емес. Экс-зениттіктің Тимощукпен бірлесе отырып соққан ғажап голы",– деп таңданыпты. Сонымен қатар, голдың әдемі соғылғанын әрі Аршавиннің ойыны қайта жақсара бастағанын "Eurosport", "Talksport", "Metro" сынды басылымдар да атап өткен екен. Көпшілікті шулатқан сол голдың видеосын назарларыңызға ұсынамыз.