Қазақ бүлдіршіндері Бейжің әуежайында флешмоб ұйымдастырды

Бейжің әуежайында бір топ бүлдіршін "Әгугәй, домбыра" әнін орындап, жұртшылықты таңғалдырды. Бірнеше әлеуметтік желіге қатар салынған видео тұяқтас ұстаған қыздың өнер көрсетуінен басталады. Артынша оның ырғағына дауылпазы бар ұл бала қосылып, екеуінің айналасына бірінен кейін бірі түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздар жинала бастайды. Айта кетерлігі, шараға барлығы он үш бала қатысқан. Олардың сегізі домбырада, қалған бесеуі түрлі ұлттық аспаптарда ойнауды жақсы меңгергені байқалады. Күтпеген жерден жиналған оркестрдің өнерін жергілікті халық ынта қойып тамашалаған.