Көкпар – халқымыздың ұлттық ойындарының бір түрі. Көнеден келе жатқан ата-баба мұрасы. Қазақтың қанына сіңіп, мінезіне біткен бұл өнер азаматтарды төзімділікке, ептілікке, батылдық пен батырлыққа баулиды. Сондықтан әскери тәрбиені қалыптастыруда теңдессіз үлес қосатын жауынгерлік өнерді дәріптеудің, келешек ұрпаққа танытудың мәні өте зор.
Аталмыш мақсатты мұрат тұтқан Massaget TV түсірілім тобы Алматы облысының Кеген ауданындағы көкпармен аты шыққан Жалаңаш ауылының спортшыларымен танысып қайтты. Өздерін кәсіби спортшы санамайтын, алайда көне өнер жайлы көбіміз біле бермейтін деректер мен мәліметтерді білетін кейіпкерлеріміз ұлттық спорттың түрлері мен ережелері, тауда көкпар тартудың ерекшелігі жайлы сөз қозғады.
– Көкпардың үш түрі болады. Біріншісі екі шеңбер сызып көкпар тартатын командалық ойын, екіншісі – бір серкені ортаға тастап бәрі таласатын жаппай көкпар, үшіншісі – бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан жалпылама көкпар. Біздің аймақ осы үшінші көкпардың түрін тартады. Өзіміз жабайы көкпар деп қоямыз оны, – дейді көкпаршы, ауыл тұрғыны Мирлан Әділұлы.
Дода көкпарды (жергілікті халыұқ жабайы көкпар дейді – ред.) ауыл-ауылға бөліп тартады. Яғни, бес ауылдың жігіті жиналса, бес ауыл болып командаға бөлініп, серкені өзі ауылына тартып әкетуге қайрат жұмсайды.
Кейіпкерлердің айтуынша, көкпарда талай қызық болады. Кейде таңды таңға атырып көкпар қуатын кездер болады. Көкпардың рухы да сол – намысты қолдан бермеу. Ауылдың жігіттері серке үшін емес, намыс үшін күреседі...