Тілек Базаров – Тойбастар
Бүгінгі таңда қазақтың шоу бизнесі той бизнеске айналып кетті деп шулап жатқандар жетерлік. Сахнадан сапасыз әндер айтылып, сүйдім-күйдім дейтіндер көгілдір экраннан көптеп көрсетіліп кеткені де жасырын емес. Алайда, ежелден әрбір дәстүрге ерекше қарайтын қазақ халқы тойдың да өзіндік әндері бар екенін жоққа шығармайды. Сүндет той, қыз ұзату, шілдехана, үйлену той сынды көптеген дүбірлі мерекелердің әрбірінің өзінің орындалар әндері бар. Соның бірі қыз ұзату мен үйленуде орындалатын тойбастар әні. Ежелден бұл атау ұзатылған қыз бен жұбын тапқан жігіттің еркелікті тастап, үлкен өмірге қадам басар кезіндегі достарымен қоштасу әні болып есептелген. Талай уақыт өтсе де, бұл үрдіс қазіргі уақытқа дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Назарларыңызға көңілді думандарда орындалар Тілек Базаровтың "Тойбастар" әнін ұсынамыз.