Мақпал Жұмабай - Қара жәшік
Қара жәшік
Әр адамның ішінде ешкім аша алмайтын, ешқашан ашылмайтын бір-бір «қара жәшік» бар...
Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе.
Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе.
О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе.
Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе
Сақтап қоямын...
Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе.
Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе.
Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе.
Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе
Сақтап қоямын...
Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе.
Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе.
Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе.
Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе
Сақтап қоямын...
Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе.
Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе.
Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе.
Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе
Сақтап қоямын...
Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.
Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.
Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.
Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе
Сақтап қоямын...
Қара жәшік...