Қарақат Әбілдина – Ұйықтасын тыныш сәбилер

Ұйқыда далам,
Ұйқыда ғалам,
Отырмын сені әлдилеп.
Кішкентай адам –
Ең қымбат маған,
Ұйықтасын тыныш сәбилер.

Айымсың аппақ,
Өзің – күн, жұлдыз.
Тәп-тәтті сенің келбетің.
Ең ғажап шақтар,
Қайғысыз-мұңсыз,
Балапаныңды тербету.

Әлди-ай; бөпем,
Ұйықтай ғой, көкем!
Тыныш болсыншы заманың.
Арманы – осы, тілегі – осы,
Әр ата, әрбір ананың.

Ұйқыда ғалам,
Ұйықта, балам.
Сүйсінер саған анашың.
Өзің де сүйем,
Кең жүрекпенен,
Әлемнің барлық баласын.

Оятса сені
Күн нұры ғана
Оятар таңда әлдилеп.
Өмірдің мәні –
Өздерің ғана,
Ұйықтасын тыныш сәбилер.



Бөлісу: