Сонау ерте дәуірден бастап, Ұлы Жібек жолы басып өткен Құлан өңірінде қаншама тарих ашылмай жатқан сыры бар екені бәрімізге мәлім. Зерттелген деректер мен ескі жазбалардағы мағлұматтарға сүйеніп, керемет екенін көзімізге елестетіп қана қоямыз. Батыс пен Шығыс арасындағы сан ғасырлық сауданың көрігін қыздырған мекеннің құлпырып тұрғаны да көне жазбалардан кездеседі. Өзінің әсем келбетімен ерекшеленетін ескі шаһардың орны бүгінде бір төбемен шектелген. Кезінде Мэлс Өзбеков Құланға сағыныштан шығарған әнін осыдан бірталай жыл бұрын Досымжан Таңатаров шырқағаны күллі халықтың құлағында. Алайда, ескі әнді ел есіне қайта салуды қолға алған ел эстрадасының жарық жұлдызы Бүркіт, Келші Құланға деп, әнді нақышына келтіріп орындап, тамаша бейнебаян түсірген екен.