Дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова Асанәлі Көшеровпен дует айтып, «Сен маған керексің» әніне бейнебаян түсірген. Жастардың, орта жастағылардың, егде тартқан адамдардың да бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты бейнебаянды жарқын көріністерге толтырған. Бар әулет бір дастарқан басына жиналып, тату-тәтті, мәз-мейрам отырған жүздерін көріп, көңіл тояды.
Сен керексің, сен керексің, сен маған,
Көл бетіндей көз алдымда ен ғалам.
Ақ жанымның ақ желкені аяулым,
Сен керек, сен керексің, сен маған.
Әнім сенсің, жырым да сен ең бөлек,
Ертеңімнің тағдырысың ең керек.
Аққу саздың аяулысы өзіңсің,
Еркелетсем, еркелейтін сен керек.
Қайырмасы:
Ақ желкенді арманым ең,
Жүрегіме жалғанып ең.
Оятып ең таңда күрең сен ғана,
Армандаған ақ гүлімсің,
Бағымдағы бақ гүлімсің.
Шуағы мол шаттығымсың сен маған.
Өзің барда, сезім барда ардағым,
Өзіңменен жарық менің жан-жағым.
Сезімімнің серігі өзің сүйгенім,
Сен керексің, сен керексің, арманым.
Қайырмасы