"Челси" Чемпиондар Лигасында алғаш рет жеңіске жетті! (Видео)

Мюнхен қаласының "Альянц-Арена" стадионында Чемпиондар Лигасының ақтық матчі болып өтті. Нәтижесінде жергілікті Бавария лондондық Челсиден айласын асыра алмай жеңіліс тапты. Ойынның жеңімпазы пенальти сериясынан кейін анықталды. Шешуші голды Дидье Дрогба салып, командаластарының бағын асырды.

 

Бавария 1:1 (пенальти - 3:4)
Челси
Мюллер, 83

Дрогба, 88

 

Бірінші таймда Баварияның басымдылығы көрер көзге көрініп-ақ тұрды. Челси тіпті шабуылға шығуға да жүрексініп жүргендей әсер қалдырған. Дегенмен мюнхендіктер бұл басымдылығын оңтайлы пайдаланып, нәтижелі шабуылдар ұйымдастыра алмады. Ұйымдастырмағаны былай тұрсын, қолда тұрған бірнеше мүмкіндіктен айырылып қалды. Алдымен Альен Роббен тамаша мүмкіндікті уысынан шығарып алса, кейінірек Томас Мюллер жақсы сәтті пайдаланып қақпаға допты оңтайлы бағыттай алмады. Марио Гомес те өз кезегінде алғырлығымен көзге түсе алмады. Осылайша, Бавария 8 рет бұрыштан доп бағыттап бақтарын сынаса да, күткен нәтиже орын алған жоқ. Челси бұл таймда бір де бір бұрыштама доп теппегенін айтып өтелік. 

"Альянц-Арена". Мюнхен

Үзілістен соң бірінші таймдағы атмосфера өзгере қойған жоқ. Бавария бұрынғыша алаңда бұландай бұлаңдап жүрді. Челсиліктер тыныш қана өз мүкіндіктерін күтіп жүргендей еді.

Ақыры не керек, ойынның 83-ші минутында Томас Мюллер мюнхендіктердің бағын асырып, Челси қақпасына допты тоғыта білді(1:0). Дегенмен 5 минут өткен соң ойындағы алғашқы бұрыштама добын бағыттаған лондондықтар таразы басын теңестірді (1:1). Гол авторы - Дидье Дрогба.

Қосымша уақытта неміс клубы ойын тізгінін уысынан шығара қойған жоқ. Дегенмен бұдан көзге көрінер пайда болмады. 95-ші минутта Франк Риберидің ереже бұзғандығы үшін Челси қақпасына пенальти тебілді. Допты тепкен Альен Роббен бұл жолы қапы қалды. 

Матчтан соң өткізілген пенальтиге Роббен қатысқан жоқ. Командаластары да қарық қылып, жеңісті қанжығасына байлай алмады. Төртінші және бесінші соққылар(Ивица Олич, Бастиан Швайнштайгер) Челси қақпасын есеңгірете алмады. Есесіне Дидье Дрогба мақсатына жетіп, жанкүйерлерінің жүрегін қуанышқа бөледі. Осылайша пенальти 4:3 есебімен лондондықтардың пайдасына шешілді.

Челсиді Чемпиондар Лигасындағы алғашқы ірі жетістігімен құттықтаймыз!

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/k0whaxyHIpk&feature","width":"425","height":"350"});

сурет: ru.oleole.com, expert-football.blogspot.com