Батырхан Шүкенов - Отан Ана

Әнші Батырхан Шүкенов «А-Студио» тобынан кеткен кезде, оған сазгер Қуат Шілдебаев «Отан-Ана» әнін ұсынады. Әннің екі нұсқасын тыңдап болғаннан соң, ең алғашқы нұсқасын жаздыруды жөн санайды. Сазгер мен орындаушы үш ай үздіксіз жұмыс істеп, дайын әнге бейнебаян түсіріп, оны тыңдарман қауым назарына ұсынады.

Қазақтың қабырғасын қайыстырып өмірден ерте өткен ұлы Батырхан Шүкеновтің орындауындағы «Отан-Ана» әні патриоттық рух пен сезімді оятады. Нағыз қазақы болмысқа толы әдемі әннің авторы белгілі сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Қуат Шілдебаев. Ән сөзін ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев (1935-2011) жазған.