Duty-free дүкендері

Duty-free дүкендері

Duty-free дүкендері алғаш рет 1947 жылы Ирландия елінде пайда болды. Ирландия басшылығы әуежайдың төлқұжат тексеру аумағында орналасқан дүкендерді салықтан босату жайлы шешім қабылдайды. Қазіргі таңда мұндай дүкендер барлық халықаралық әуежайларда бар.

Duty-free дүкендерінде тиімді бағамен танымал бренд тауарларын, парфюм мен ішімдіктердің алуан түрін, косметикалық бұйымдарды сатып алуға болады. Алайда, бұл дүкендерде сувенирлер мен кәдесыйларды сатып алудың қажеті жоқ. Себебі, олардың бағасы қымбат болады. Әр елдерде орналасқан duty-free дүкендері бір-бірлерінен тауарлардың әр түрлілігі мен бағаларымен ерекшеленеді.

Қиыр Шығыс пен Азия елдеріндегі duty-free дүкендері әлем бойынша ең үздік болып танылған. Себебі, бұл елдердің дүкендерінде тауар түрі әр алуан, әрі олардың бағалары арзан. Көш басында Дубай әуежайындағы duty-free дүкендері. Тәулік бойы қызмет ететін дүкендерде жолға шыққан жандар назарына тауардың түр-түрі ұсынылады. Бұл жақтағы тауар бағасы қаладағы бағалардан 50%-ға арзан.

Екінші орында Бангкок әуежайындағы дүкендер. Көптеген парфюм, косметика, танымал Еуропа брендтерінің тауарларын арзан бағамен сатып алуға болады.

Ал Еуропа duty-free дүкендері айтарлықтай арзан деп айтуға келмес. Бұл дүкендерде темекі, алкоголь және парфюм өнімдерін ғана арзан бағамен алуға болады.

Германияның Франкфурт, Мюнхен және Берлин қалаларының әуежайларында орналасқан duty-free дүкендері үлкен, тауар ауқымы өте кең. Әлемнің тұрмыс деңгейі өте жоғары қалаларының бірі саналатын Цюрих әуежайында швейцар сағаттарын сататын бірнеше бутиктер орналасқан. Ал сәнқой жандар Вена әуежайындағы duty-free дүкендерін араласа болады.

Duty-free дүкендері әуежай ішінде ғана емес, ұшақ ішінде де болады. Әдетте, борт қызметкерлері тауарлардың каталогын ұсынып жатады. Тек тауар көлемі әуежайдағыдай кең көлемде емес. Ал бірақ бағасы айтарлықтай арзан болып жатады.

Ең бастысы, бұл дүкендерде сатып алуға болатын тауар көлемі туралы алдын ала біліп алыңыз. Себебі, әр елдің сатып алуға рұқсат етілген тауар көлемі әр түрлі.

Сапарыңыз сәтті, саудаңыз оңды болсын!

 Суреттер: http://www.airport.md, www.moveoneinc.com, puchkov.net

Ғ. Ұзақ