Есенғали Раушанов: "Сүйдім мен Іңір деген пері қызын..."

Биыл қазақтың белгілі қаламгері, ақын Есенғали Раушановтың 60 жылдық мерейтойы. Оның поэзиясы туралы көлемді зерттеу еңбек жазған ақын, әдебиеттанушы Жанат Әскербекқызы былай дейді: "Іңір суретін сөзбен салған, жазбен, күзбен, жұмбақ сырлы түнмен, желмен сырласындай тіл табысып, олардың әрқайсысын персонаж (бейне) дәрежесіне дейін көтерген ақын үшін уақыттың әрбір мезеті мен мезгілі, әрбір құбылысы терең сырға, зор мәнге ие. Табиғатты назарға ала отырып, ақын тың сипатты, поэтикалық қуаты аса жоғары кейіптеулердің тамаша үлгісін жасайды. Желді, түнді, т.б. табиғат құбылыстарын бейне дәрежесіне дейін көтере отырып, адам жанының сырын шебер де шешен тілмен аңдату – Есенғалидің негізгі ұстанымы. Табиғат атты ұлы ұғым адам өмірінен бір сәтке де тыс қалмақ емес".  Құдiретті өлеңнің алдында бәріміз де дәрменсізбіз. 

Массагет порталы өткен аптада ақынның жауһар жырлары оқылған видеороликтердің алғашқысын назарларыңызға ұсынған еді. Бүгін соның жалғасын көре отырыңыздар!