Есенғали Раушанов: "Құлыншақ"
Болмыспен бетпе-бет қалғанда сөйлейтін жүрек сөзі – өлең. Дүниенің сан қыры мен сырына тереңдей бойлап, байыз таппай аласұрған жанын жырға жасырған шимайлы тағдыр иесі – ақын. Биыл қазақтың белгілі қаламгері, көзі тірі классик Есенғали Раушановтың 60 жылдық мерейтойы. Ақын туралы кезінде қазақтың Қадыры: "Оны мәдениеті зор ұлттық ақын деуге болады. Мәселе қара өлеңге "шекпен жабуда" емес. Алдымен, ұлттық бояуы, нәр-нақышы, суреткерлік сыр-сипаты дәстүрлі фольклорлық, жыраулық қайнарлардан қайнап шығып, әлем әдебиеті үдерістерімен әдемі қойындаса келіп, әрі қазақтық, әрі адамзаттық асыл сөз сомдау даралығында. Бір сөзбен түйіндесек, ақын Е.Раушанов шығармаларының қай-қайсысы да қазақ поэзиясының шын мәніндегі алтын қазынасы деуге аузым барады" десе, ақын Байбота Қошым-Ноғай: Есенғали өлеңдерін қарапайым деп те, күрделі деп те қарастыруға болады. Оның бояуы қанық "қарапайым" бір өлеңінде бізге таныс-бейтаныс бәз біреудің бет-бейнесі айқын бедерленіп, адамның айшықты образы ажарланып жатса, тағы бір "қарапайым" өлеңінде шарпысқан психологиялық көңіл-күй көрінеді. Ақын өлеңдерінің шынайылығын өмірдің өз суретін бейнелейтін живописьпен салыстыруға болады. Ол көзімізге көбінесе бейне бір мольберт алдында байыз таппай, көкейіндегі көріністі әрлей түсуге түрлі-түсті бояу таңдап, күйгелек күй кешіп тұрған сабырсыз суретші секілді көрінеді" деген еді. Ақынға ақыннан артық ешкім баға бере алмасы хақ.
Осы айтулы датаға орай әдебиеттің, оның ішінде өлең өлкесінде жүрген жастар ақынның жауһар жырлары оқылған видеоролик түсірген-тін. Бүгін сол көркем дүниені қазақ руханиятымен әм жалпы жұртшылықпен бөліскенді жөн санадық.