АЛЖИР лагері немесе құрт қалай адам өмірін сақтап қалды?

1937 жылы Ақмола аймағында халық жауының әйелдеріне арнайы лагерь салынады. Дерек бойынша ол жерде шамамен 20 мыңға жуық адам тұтқында болған. Анасымен бірге келген сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң балалар үйінің «тәрбиесіне» берілді. Темір тордың ар жағында 1507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды. АЛЖИР тұтқындары егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты.

Лагерь туралы ақпарат тек 80-жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады.

Аштық кезінде түрмедегі әйелдерге қол ұшын созған қазақтар жайлы аңыз көп. Соның бірі мынадай. Қоршалған аймақта жүрген тұтқындарға жақын маңдағы қазақ ауылының тұрғындары келіп, “тас” лақтыратын болған. Күзетшілер ешнәрседен күдіктенбейді. Түрмеде жатқан әйелдер бізді “халық жауы” деп күн бермейді деп күйзелген. Бірақ тас дегені құрт болып шығады. Осылайша, АЛЖИРдегі әйелдердің біразы құртты азық етіп, аман қалған деседі.