"Симпсондар" мультфильмі ІІ Елизавета 2022 жылы қайтыс болатынын дәл болжаған ба?

TikTok-та таралып жатқан видеоларда мынадай сурет жарияланған. Бұл мультфильмнің бұрынғы шығарылымдарында бар көрініс делінеді. Алайда бұл суреттегі эпизод мүлде өлім туралы емес. 15-маусымындағы эпизодта Mini Cooper мінген Гомер патшайым отырған күймені байқаусызда соғып кетеді. Осы кезде кішігірім жарақат алған патшайым орнынан тұрып, Гомерге жақындайды.


Қайтыс болды деп таралып жүрген суреттің кадры мультфильмнің осы үзіндісінен алынған. Оны патшайым киген көйлектен де, апаттан киімнің жыртылғанынан да байқаймыз. Ал арғы тұсындағы қайтыс болған мерзімі кейіннен фотошоппен жазылған.


Жалпы бұл мультфильм көп оқиғаны болжаған деп анда-санда осындай қауесеттер тарап жатады. Бірақ әрқайсында монтаж немесе фотошоп қолданылатыны анықталады. Сондай-ақ, оқиғадан кейін түсірілген мультфильм кадрларын болжам деп қателесетіндер бар.