Ұйым ішіндегі топ мүшелерінің өзара гармонияда болып, жұмыс барысының жақсы жүруіне кедергі келтіретін көптеген факторлар болуы мүмкін. Бірі жұмысшы мен ұйым арасындағы өзара құндылықтардың сәйкес келмеуі болса, бірі – топ мүшелерінің арасындағы түсініспеушілік. Бұның барлығы ұйым ішіндегі келіспеушіліктің салдарынан туады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің магистранттары оқитын, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Н.С. Жубаназарова беретін «Басқару психологиясы» пәнінде жоғарыда аталған тақырыпты жан-жақты талдап, магистранттар арасында дискуссия жүргізіп, мәселенің шешімін табуға тырысқан болатынбыз. Келіспеушіліктің өзін ішінара тұлға ішілік, тұлға аралық, топ аралық, тұлға мен топ аралық деп бөліп, оның шығу себептерін қарастырдық. Қоғамда жиі кездесетін себептері: ресурстардың шектеулілігі, мақсаттар арасындағы айырмашылық, идея мен құндылық бойынша қарама-қайшылық, міндеттердің өзара тәуелділігі, құқық пен міндеттің сәйкес келмеуі, мінез-құлық, өмірлік тәжірибе және білім деңгейіндегі айырмашылық, нашар байланыс, т.б.
Психология саласында еңбек еткен Н.С.Ахтаева, Л.А.Вайнштейн, Т.С.Кабаченко, Л.Д.Столяренко кітаптарын қарай келе, теориялық білімімізді жинақтап, оны практика жүзінде қолданып, нәтижесін аудиторияда өзара талқыладық. Соның нәтижесінде келіспеушіліктің негізгі түрлерін анықтап қана қоймай, оны шешу жолдарын әрбір магистрант ұсынуға тырысты. Бірі жалпы жиналыс жасап, келіспеушілік болған екі тарапты да тыңдауды, бірі басшылық тарапынан жұмысшыларға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды, премия беруді ұсынса, енді бірі өзара компромисске келу идеясын алға тартты.
Әр магистранттың еңбек саласында аз да болсын тәжірибесі болғандықтан, олар өз жұмысында кездескен конфликтілік жағдайларды және оларды шешу жолдарымен бөлісіп, ортақ талқыға салдық. Бұл сабақ өз саламызда маман ретінде құзыреттілігімізді арттырып, конфликт жағдайларында дұрыс шешім қабылдауға да септігін тигізетіні анық.
Қорытындылай келе, психологияны оқып қана қоймай, ортақ талқыға салу арқылы семинар барысында қосымша ақпараттар алып, кез келген психологиялық жағдайда өзін-өзі ұстау, адамды тыңдау, барлық тарапқа құлақ асу факторларының маңызын жете түсінудеміз. Бұл тек жұмыс барысында ғана емес, өмірде де адамдармен жақсы қарым-қатынас құруға алғышарт болары анық.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
З.Б.Мадалиева
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы
психология ғылымдарының докторы, профессор
Жорабаева А.Р.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ғылым ордасы «Қазақ филологиясы» мамандығының
1-курс магистранты