- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Үй тапсырмасын тексеру:...
Үй тапсырмасын тексеру: Қызықты тәсілдер
Бала мектепте үйренгенін түйіндеп, көкейіне түюі үшін үйде өздігімен орындайтын тапсырманың мәні зор. Ал үйде қалай жаттығуы берілген тапсырма мен оның қалай тексерілуіне байланысты.
Әдетте мұғалімдер үй тапсырмасын мынадай тәсілдермен тексереді:
- бір не бірнеше оқушыны тақтаға шақырып, үйде оқығанын сұрайды;
- жеке карточкалар арқылы;
- бала дәптерге жазған үй жұмысын тақтаға көшіріп жазу;
Мұндай әдіс күн сайын қайталана беретін болса, бала жалығады да, сабақ оқуға құлшынысы жоғалып, "орындау керек" деген ұстаныммен ғана атүсті оқиды. Бала өздігінен қызығып орындайтындай қандай тапсырма беруге болады?
Пікірталас
Ол үшін сынып оқушыларын бірнеше топқа бөлу керек. Мәселеге байланысты ұстанымын таныстырып, өз көзқарасын қорғап шығады. Тапсырма тексеру барысында ешбір оқушы үнсіз қалмауын қадағалау қажет. Барлығы пікірін ортаға салып, өзге кітаптардан оқығанын бөлісуі тиіс.
Авторға сұрақ
Ғылыми жаңалықты ашқан адамға не шығарманы жазған тұлғаға қандай сұрақ қояр едіңдер, үйден дайындалып келіңдер деп, тапсырма беріледі. Балалар дайындаған сұраққа жауапты да өзге оқушылар айтуға талпынсын. Ал еш оқушы жауап бере алмаса, мұғалім жауап береді. Болмаса келесі сабаққа дейін ойланып келу үшін барлық бала сұрақты жазып алады.
Тақырыптық сөзжұмбақ
Өткен тақырыпқа қатысты сөзжұмбақ дайындап келу. Мұғалім өзі бірнеше сөзжұмбақ дайындайды не әр балаға сөзжұмбақ құрауды тапсырады. Барлық баланың сөзжұмбағын шешуге уақыт жетпейді десе, сыныпты топқа бөлуге болады. Бір топтағы балалар топ басшысы дайындаған сөзжұмбақты шешеді. Әлде бір сабақта бір топ дайындаған сөзжұмбақ шешілсе, екінші топ келесі сабақта сөзжұмбақ дайындайды.
Тосын сұрақтар
Мұғалім параграф соңындағы не тақырыпқа қатысты ойдан құраған сұрақтарын қояды. Бастысы, балалардың ойына келмейтіндей тың сұрақ болғаны дұрыс. Бұл баланың ойлау жылдамдығын арттырады.
Ауызша жауап берген балаға оқушы пікір білдіру
Бір бала сыныптасының жауабын тыңдап, артықшылығы мен кемшілігін, дұрысы мен бұрысын сараптайды.
Өзара тексеріс
Балалар дәптерін алмастырып, бірінікін бірі тексеріп, бір-біріне баға қояды. Әділетсіздік орын алмас үшін мұғалім ең соңында барлығын өзім тексеремін деп ескертіп қойғаны жөн.
Жазбаша жауап
Мұғалім тақырыпқа қатысты бірнеше сұрақ дайындап, оқушыларға бөліп береді. Олар бұл сұрақтарға бірнеше сөйлеммен жауап жазуы тиіс. Мұндай әдіс ақпаратты есте жақсы сақтауға көмектеседі.
Бағдаршам
Әр бала қолына қызыл және жасыл түсті қағаз алады. Мұғалім қойған бірнеше сұраққа байланысты балалар қолындағы қағазын көтереді. Сұраққа жауабы дайын болса, "жасыл" түсті, сұрақ жауабын білмейтін болса "қызыл" түсті қағазды көрсетеді. Жасыл түсті көрсеткен кез келген оқушыдан жауап сұралады. Жасыл түсті қағазды мүлдем көтермеген оқушыларға сұрақты қайталап қоюға болады не жауап берілген соң қызыл түсті қағаз көрсеткен кез келген оқушыдан жауапты қайталап беруін сұрау қажет.
Сынып көмегі
Тақтаға шақырылған оқушы тапсырмаға дайын емес болса, мұғалім: "кім көмектеседі?" деп сұрайды. Қол көтерген оқушылар арасынан мұғалім не көмекке зәру оқушы өзі көмекшісін таңдайды. Ол 5-10 минут ішінде тапсырманы жақсылап түсіндіріп беруі тиіс. Сонда екі оқушы қатар бағаланады.
Өзін бағалау
Кім қандай баға алғысы келетіні, қандай баға алуға дайын екені оқушылардың өзінен сұралады. Айтқан бағасын ақтауға, одан да жоғары баға алуға тырысады.
Тыныш сұрау
Мұғалім бір не бірнеше оқушыдан үй тапсырмасын ақырын дауыспен сұрайды, ал басқа оқушылар дайындала береді. Бұл әдіс көп тапсырма берілген жағдайда оқушыларға қайталау мүмкіндігін туғызады. Оқушыларға қызықты болуы үшін әртүрлі әдісті қолдана берген жөн.
Тізбекті сұрау
Бұл тәсіл логикалық тапсырмалар орындағанда қолайлы. Бір оқушы сөйлем бастайды. Мұғалім иегімен нұсқаған оқушы сөйлемді іліп әкетіп, ойды жалғастыруы керек.
Шығармашылық кезең
Әдебиет сабағында не шығармашылыққа жаны жақын арнайы топқа мына тәсілді қолдануға болады. Сабақ аяқталуға 10-15 минут қалғанда әр балаға әр түрлі тақырып беріп, ойдан ертегі, әңгіме құрау не сурет салуды тапсыру. Сабақ аяғында парақтарын жинап алу. Санаулы минут ішінде көкейіндегіні қағазға түсіру балаға шабытын шыңдауға жәрдемдеседі.