Ұлы Түрік қағанатының тарихы

Сақтар мен ғұндардан кейін тарих сахнасына шығып, бүкіл дүниені дүр сіілкіндірген халық ежелгі түркілер болды. Олар батысында Византия елімен, оңтүстігінде Персиямен, тіпті Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен шектесіп жататын орасан үлкен мемлекет құрды. Ұлы Түрік мемлекеті осылайша өмірге келді.

"Түрік мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат тарихында белгілі дәрежеде бетбұрыс кезең болды... Түркілердің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік институттарының күрделі түрлері қайран қалдырады: ел, меншіктің сатылық жүйесі, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай-ақ көрші отырған елдердің идеологиялық жүйелеріне  қарсы қоятын, мұқият әзірленген дүниетанымның болғандығы таң қалдырады", - деп жазады Л. Н. Гумилев.

Әрбір халықтың тарихы қадым замандардан, тіпті, есте жоқ ежелгі дәуірлерден басталады. Әйтсе де әрбір халық өз тарихын белгілі бір датадан, белгілі бір оқиға болған кезден бастауды жөн көреді. Мысалы, Римдіктер өз шежіресін Римнің негізі қаланған күннен бастайды. Арабтар болса Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мадинаға көшкен жылдан бастап есептейді. Француздар өз тарихын ұлы Карлдың империяны бөлген жылынан, яғни 843 жылдан бастайды. 

Ал ежелгі түркілер үшін мұндай дата 545-ші жыл болды. Дәл осы жылы Ұлы Түрік қағанаты өмірге келіп еді. Сөйтіп, түркілер өздерінің тұңғыш мемлекетін құрды. Тек құдіретті Күнге ғана, Көк аспанға табынып,, тағзым ететін Көк түріктер сол күннен бастап-ақ аспан түстес көк байрағын желбіретіп, алғаш рет өздерін ресми түрде бүкіл әлемге танытты. 

Ұлы Түрік қағанатының шынайы шежіресі, таңғажайып тарихы бұдан он үш ғасыр бұрын қағазға емес, құлпытастарға қашап жазылған. Оны жазған Түрік қағанатының қабырғалы бектерінің бірі, өз дәуірінің кемеңгер ойшыл, шешендік сөздің жүйрігі, ұлы ақын Йоллығтегін еді. Бүкіл түркі елін егемендік пен азаттыққа, елдік пен бірлікке үндейтін бұл дастандардың әрбір әрпі мәңгі өшпестей етіліп, үлкен-үлкен құлыптастарға қашалып жазылған. Демек, бұл дастандар бұдан он үш ғасыр бұрын Түрік мемлекетінде болған сан қилы оқиғаларды бүгінге күнге ешбір өзгеріссіз, айнақатесіз күйінде жеткізіп отыр. 

Дәл осы арада біз кейбір елдерде әр патшаның тұсында қайта-қайта қағазға көшіріліп, бертін келе саясатнамаға айналып кеткен "шежіре" немесе "жылнама" дастандар да бар екенін тілге тиек еткіміз келіп отыр. Ұлы Түрік қағанатын ешбір жау әскер күшімен жеңе алмағаны тарихта жақсы жазылған. Алайда жұдырықтай жұмылып отырған түрік елінің ішіне жау жағы ғасырлар бойы іріткі салып келді. Мұны істеген табғаш (Қытай) елі еді. Ақыры Ұлы Түрік қағанаты екіге бөлініп, бірі - Батыс түрік қағанаты, ал екіншісі - Шығыс түрік қағанаты деп аталып кетті.